Қазақстан білім саласында Грузияның тәжірибесін енгізетін болды

3378

Шенеуніктерге сенсек, шетелдіктер қазақстандық білім жүйесін қатты мақтайды. Сонымен бірге бұл жүйенің біраз былығы әшкереленді. 

Қазақстан білім саласында Грузияның тәжірибесін енгізетін болды

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде министр Асхат Аймағамбетовты Түркияға министр етіп жіберуді ұсынды. Себебі Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі осы бауырлас елде білім берудің сапасы біздегіден нашарлау екенін меңзеген материал жариялады. Ведомствоның мәлімдеуінше, Түркия мен Сауд Арабиясынан көшіп келген оқушылардың ата-аналары нағыз сапалы білім Қазақстанда екеніне енді көзі жеткенін білдіруге асығыпты.

Министрліктің хабарламасында айтылғандай, Қазақстанға басқа елдерден көшіп келген оқушылардың ата-аналары отандық мектептердегі білім сапасы туралы өз пікірлерімен бөлісті. Мысалы, елордадағы №89 мемлекеттік мектепте басқа елдерден көшіп келген бірнеше бала оқиды. Бозча Айхан мырза Қазақстанға Түркиядан қоныс аударыпты. Балаларының үлкені 10-сыныпта, ортаншысы 5-сыныпта, кенжесі 2-сыныпта оқиды.

"Түркияда үлкен балаларым көбейтуді 3–4-сыныптарда ғана өткен, ал Қазақстанда 2-сыныпта өтеді. Сондай-ақ мұнда бастауыш сыныптан балалар үш тілді кезекпен оқи бастайды. Ал бірден бірнеше тілді білу артықшылық береді. Балалар мұғалімдермен тіл табысып үлгерді. Сондай-ақ мектепке жақсы көңіл-күймен барып келеді. Мұнда білім тереңірек оқытылатынын көріп, жоғары сыныпта оқитын балаларымның оқуға қызығушылығы артты", – деді түрік азаматы.

Реаниматолог Нажар Шавкат Ахмад жұмысына байланысты отбасымен Қазақстанға Сауд Арабиясынан көшіп келіпті. Ол ұлын астаналық №89 мектепке берген.

Арабтың пікірінше, қазақстандық мектептің басты айырмашылығы – бастауыш сыныптарда балалардың бірден бірнеше тілді кезең-кезеңімен меңгере бастауы.

"Елордаға орнығып алған соң мектепті мұқият таңдадық. Жекеменшік мектептерді де қарадық. Бірақ соңында достарымның, таныстарымның ұсынысымен мемлекеттік мектеп-лицейді таңдадық. Ұлым екінші сыныпта оқиды. Таңдауымызға өкінбейміз. Баламыз сапалы білім алып жатыр. Үшінші сыныптан бастап бала бірден үш тілді меңгеретіні ұнады. Бұл – қазіргі заманауи кезеңде қажет дүние. Ұлым жаңа сыныпқа оңай бейімделіп, мемлекеттік тіл мен ел тарихын оқи бастады. Біз мектебімізге балаларымыз үшін жасап жатқан мүмкіндіктері үшін шын жүректен алғыс айтамыз", – деді Н.Ахмад.

Дегенмен әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар балалардың үш тілді қатар оқуы олардың үш тілді қатар жетік біліп шығатынын білдірмейді деген пікірде. Себебі "тіл оқытатын педагогтердің біліктілігі жоғары бола бермейді". Салдарынан, мысалы, орыстілді немесе аралас мектептерді бітірген оқушылар ағылшын түгіл, мемлекеттік тілді де меңгеріп шықпайды. Бұған қоса, "оқулықтардың сапасына қатысты проблема сақталуда".

"Біздің Оқу-ағарту министрін Түркияға, содан соң Сауд Арабиясына ротациялап жіберу керек екен. Бұл елдердің білім беру саласын тек осы кісі ғана лайықты жолға қойып, дұрыс дамыта алатынын түсіндім", – деп әжуалады елорда тұрғыны Светлана Цыгельная.

"Біздің білімге жауапты бір министрдің балалары керісінше, отандық білімді әлемдегі ең сорақысы санайды", – деп жазды Сәкен Исенов есімді пайдаланушы: балаларын Қазақстанда оқуға қайтаруға уәде етіп, сөзінде тұрмаған жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті меңзеп.

Әрине, қазақстандық орта білім берудің озық жақтары жетерлік. Ол туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтынан танысуға болады. Алайда салада түйіні шиеленіскен түйткілдер де тым көп. Олар министрлікті білім туралы заңнаманы қайта жазуға итермелеп отыр. Мысалы, министрлік Қазақстанда "педагогикалық этиканың сақталуын бақылаудың жоқтығын" анықтады. Ал педагогтерге қатысты шағымдар көбейіп бара жатыр.

Қолданыстағы "Педагог мәртебесі туралы" заңының 1-бабының 3-тармақшасына сәйкес, барлық өңірде мұғалімдердің педагогикалық этиканы сақтау мәселелерін қарайтын алқалы орган ретінде Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер құрылды. Алайда олардың көзбояушы орган екені әшкере болыпты.

"Соңғы 2 жылдағы тәжірибе көрсеткендей, Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер өз функцияларын тиісті деңгейде орындамайды. Бұған шағымдар мен өтініштердің қаптап кетуі дәлел бола алады. Тек 2021 жылы педагогтердің этиканы сақтамауы және педагог құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 3 мыңға жуық шағым түсті. 773 жағдайда фактілер расталды. Олардың көпшілігі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында, Алматы қаласында, сондай-ақ ШҚО мен Астанада орын алған. Заң бұзушылыққа жол берген барлық адам әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылды. Оның ішінде 470-і ескерту алды. 295-іне сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды. Тек 8-іне – әкімшілік айыппұл салынды", – деп түсініктеме берді Оқу-ағарту министрлігі.

Бұл министрліктің атқарғаны. Ал кеңес ше? Меморганның мәліметінше, бүгінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанынан консультативтік-кеңесші органдар ретінде Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер (ПӘК) құрылды. Бір жылда ПӘК-тер 118 оқиға бойынша педагогтердің ісін қарапты. Бірақ кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта ғана болғандықтан, оларды білім басқармалары мен мектеп директорлары орындай бермейді.

Осыған байланысты Аймағамбетовтың командасы заңнамалық түзетулерге бастамашы болып отыр. Оның бір жаңалығы – Қазақстанда Педагогикалық әдеп мәселелері жөніндегі уәкіл институтын енгізу болмақ. Ол мұғалімдердің әдеп нормаларын сақтауын қадағалап қана қоймай, педагог мәртебесі туралы заңы талаптарының жүзеге асырылуына да жауап береді. Яғни бір жағынан ата-аналардан және оқушылардан мұғалімдердің бейәдеп, мәдениетсіз қылықтарына, тіпті заңсыз істеріне қатысты арыздарын қабылдауға тиіс. Екінші жағынан, ұстаздардың өз құқықтарының аяққа тапталғаны жөніндегі шағымдарына ден қоюы шарт. Педагогтың мәртебесі, білім туралы заңдарының талабын бұзудың алдын алу, профилактикалық шаралар қабылдау да осы уәкілге жүктеледі. Сондай-ақ бұл омбудсмен өз функциялары шегінде педагогтерге консультация, ақыл-кеңес беретін болады.

Білім саласына жүргізілген талдау мектептерде оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ететін және соған жауап беретін тұлғаның да жоқтығын әшкереледі. Салдарынан, мектепке барған шәкірт қорғансыз жанға айналады. Мұғалімдер қандай да бір оқушының соққыға жығылғалы тұрғанын немесе оған басқалай зардап шегу қаупі төнгенін білсе де, байқамағансып, көз жұма қарайды. Себебі балаға ара түсуді өз міндеті санамайды немесе араласудан қорқады. Мұндай сорақылық мектептерде қылмыстың өршуіне соқтырады.

"Құқық бұзушылықтар бойынша статистика көрсеткендей, 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасында 1 529 құқықбұзушылық тіркелген. Балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар саны – 2 088 фактіні құрады. Оқушылардың 12%-дан көбі немесе 300 мыңнан астам оқушы буллингке, әлімжеттікке тап болған. Сонымен қатар, суицид және өз-өзіне қол салуға әрекеттену деректерінің саны өсіп барады. Егер 2020 жылы 144 суицид фактісі тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш – 175-ке жетті. Жергілікті жерлерде осындай оқиғаларға қарсы жедел әрекет ететін және қажетті шараларды қабылдайтын нақты тұлғалар болмағандықтан ары қарай да ондай бұзушылықтарға жол беріледі", – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, қазіргі уақытта ауыл-аймақта мектептердегі жұмыстарды үйлестіруді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері (БССҚД) жүзеге асырады. Бірақ министрлік әлгі былықтар үшін бұл құрылымға кінә арта алмайтынын білдірді. Бір жағынан, БССҚД-ның негізгі функцияларына – жеке мектептерді, білім беру қызметін лицензиялау, мемлекеттік аттестаттауды өткізу, профилактикалық бақылау жүргізу және педагог пен білім алушылардың құқықтарын қорғау кіреді. Екінші жағынан, БССҚД жалпы штаты 139 адамды ғана құрайды екен. Орта есеппен әрбір департаментте 6-дан 10-ға дейін маман жұмыс істейді. Олардың саны әр аймақтағы білім беру ұйымдарының санына байланысты. Бұл ретте әрбір департаментке жалпы саны 500-ден 2400-ге дейін білім беру ұйымдары қарайтын көрінеді.

Министрлік "БССҚД-ның шағын штаты әрбір білім беру ұйымындағы оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ететін барлық іс-шараларды толыққанды жүргізуге мүмкіндік бермейтінін" алға тартты.

Сол себепті жаңа заң жобасында осы тұрғыда Грузияның тәжірибесін енгізу ұсынылып отыр. Министрлік Грузияның тәжірибесі жергілікті жерлерде білім беру жүйесінде қордаланған күрделі мәселелерін толыққанды шешуге және осы істі бір жерден үйлестіруге жол ашады деп сенеді.

Осы мақсатта толық жинақты мектептерде Білім беру инспекторлары институты енгізілмек. Себебі полиция қызметкерлерінен тұратын мектеп инспекторлары әлдебір қылмысты оқиға бола қалса ғана тартылады. Оның үстіне кейбір ата-аналар баласы құқық қорғау органдарының есебіне ілікпеу үшін ішкі істер органдарының қызметкерін араластыруға қарсы шығатыны белгілі.

Білім беру инспекторлары әрбір мектепте құрылмайды. Орталық бір білім ордасында жұмыс істейді, оған бірнеше шағын "магниттік мектептерді" бекітіп беру ұсынылды. Солардағы тәртіптің және балалар құқығының сақталуына жауап береді.

Мектептерге қатысты кең ауқымды талдау тағы бір проблеманы, нақтырақ айтқанда, заңсыз схеманы әшкереледі. Қазақстан оқушыларды жан басына қарай қаржыландыруға көшкелі білім ордаларында есепте бар, сапта жоқ шәкірттер қаптаған. Оқушы неғұрлым көп болса, мектеп бюджеттен де соғұрлым көп қаражат алатыны мәлім. Мысалы, Шымкент қаласындағы бір мектепте ғана осындай 183 оқушы табылды. Заңнаманы жетілдіру аясында билік білім саласындағы қосып жазумен де күресу тетіктерін пысықтамақ.

Шынында, білім саласындағы былықтарды тауып қана қоймай, оларда тиімді арылған абзал. Әйтпесе, қазақстандық білім шетелдіктерден мадақ сөз есту орнына, мазақ болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу