Қазақстан бір қаланы қайта салуға 137 млрд теңге жұмсайды

3586

Щучинскінің полициясы электромобильге көшіріледі, курорт жүйрік интернетпен қамтылады, ақылды камералар жаппай орнатылады.

Қазақстан бір қаланы қайта салуға 137 млрд теңге жұмсайды Фото: canva.com

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады.

Оның айтуынша, елорда іргесіндегі Щучинск-Бурабай курорттық аймағын (ЩБКА) дамыту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі Ақмола әкімдігімен бірлесіп, Кешенді жоспарды әзірледі.  

Құжатқа осы наурыз айының басында Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойып, бекітті. Кешенді жоспарға сәйкес, ЩБКА территориясында жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейтін жаңа туристік объектілер, тынығуды сауықтырумен үйлестіруге мүмкіндік ұсынатын рекреациялық аймақтар, визит-орталықтар пайда болады. Көлік инфрақұрылымы жетілдіріледі.

Қотыркөл, Жүкей көлдерінде де глэмпингке арналған аймақтар, балаларға арналған орталықтар, жыл бойғы аквапарк және басқасы салынуға тиіс.

2025-2029 жылдарды қамтитын бұл жоспар 118 іс-шарадан тұрады. Оларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 137 миллиард 253,4 миллион теңге жұмсалады. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 45 млрд 676,8 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 27 млрд 534,6 млн теңге, квазимемлекеттік сектор, инвесторлар және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен – 64 млрд 42 млн теңге шығындалады.

Қазіргі кезде Щучинск-Бурабай курорттық аймағының территориялық шекарасына бірден 17 елді мекен кіреді. Соның ішінде 3-еуі – туризмді дамыту орталықтары болып табылады. Яғни, отандық және шетелдік туристер солардағы қонақүйлер, турбазалар, жалға берілетін пәтерлер сияқты орналастыру орындарына тарала жайғасады.

Атап айтқанда, бұлар – Щучинск қаласы, Бурабай кенті және Қотыркөл ауылы (атауы құлаққа жағымды естілуі үшін ресми түрде Қатаркөл деп атап жүр). Сондай-ақ, Ақылбай, Зеленый Бор, Оқжетпес ауылдары да қолайлы әлеуетке ие екен.

Бірақ бұлардың барлығының Бас жоспары ескі: жергілікті мәслихаттар басты құжаттарын негізінен сонау 2013-2014 жылдары бекіткен.

Сондықтан Роман Склярдың айтуынша, мемлекеттің тапсырмасымен, бүгінде "Urban Living" ЖШС "Бурабай" курорттық аймағының туризмін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеп жатыр. Онда осы аумақты туристік игерудің негізгі басымдықтары, басты бағыттары және нақты локациялары айқындалады.

Склярдың сендіруінше, соның мастер-жоспары негізінде 2025 жылдың аяғына қарай, 4-ші тоқсанда өңірдегі негізгі туризм орталықтарының бас жоспарларына тиісті түзетулер енгізіледі.

№1-ші вице-премьер Щучинск-Бурабай курорттық аймағында суға қатысты ұзақ жылдан бітпей келе жатқан бір емес, бірден 7 аяқталмаған инженерлік инфрақұрылым жобасы барын ашық айтты. Олардың жалпы құны 5,8 миллиард теңгені құрайды.

Нақтылағанда, Щучинск қаласындағы сумен жабдықтаудың магистральды құбыр желілерін қалпына келтіру (4-ші кезегі), су бұру объектілері мен желілерін реконструкциялау, кварталішілік канализациялық желілердің құрылысы сол бойы бітпеген.

Сондай-ақ, Бурабай кентіндегі су бұру желілерінің құрылысы (ІІІ кезегі), коллектор мен кәріздік сорғы станциясын салу жұмыстары, тазарту құрылымдарының құрылысы тәмамдалмаған.  

Бұдан бөлек, Қотыркөл өзені ауданында орналасқан балалардың сауықтыру орталықтарына су жеткізу, Қотыркөл ауылының желілері мен су бұру объектілерін тұрғызу жұмыстары мәресіне жетпей тұр. Жаңа кешенді жоспар аясында жобалар іске қосылады деген үміт бар.

Роман Склярдың мәліметінше, 2025 жылы 4 жобаны жүзеге асыру жалғасын табады. Оған 1,8 миллиард теңге бөлінуде. Соның ішінде Щучинскіде кварталішілік канализация жүйелеріне – 597,8 млн теңге, Щучинскіде магистралді су құбырлары желісін реконструкциялауға және салуға (4-ші кезегі) – 468,1 млн теңге, осы қаланың су бұру объектілері мен желісін қайта құруға – 217,7 млн теңге, Қотыркөл өзені жағалауындағы балалар сауықтыру орталықтарына су құбырларын тартуға – 563,5 млн теңге бағытталмақ.

Бұл жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Басқалары туралы Роман Скляр нақты ештеңе айтпады.

Ол Бурабай курорттық аймағының экологиялық мәселелерін шешуге, су қоймаларын тазартуға, қордаланған қоқысты шығаруға көңіл бөлінетінін жеткізді.

"Жалпы, "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау шараларын қалыптастыру мақсатында Президент іс басқармасының тапсырысымен, "Бурабай МҰТП экожүйесін қалпына келтіру және сақтау" бағдарламасы жасалды. Құжатта кейінге қалдыруға болмайтын және ұлттық парктің экожүйесінің түбегейлі деградациясының алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұсынылған", – деді Үкімет басшысының №1 орынбасары.

Бұған қоса, бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделген. Қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнімді құрайтын, жерді құнарландыру үшін органикалық қалдықтардан компост жасайтын кешенді салу бар.

Сондай-ақ, "ECO DUMP" компаниясы курорттық аймақта пластик шөлмектер, макулатура және басқа да қайталама шикізатты жинау және алып кету жобасын қолға алады.

Жылына 40 мың тонна қалдықты сұрыптай алатын желіні сатып алу жоспарланған. Басқа залалын айтпағанда, бұғы, бұлан, елік, қабан және басқа жануарлар жайылып жүріп, саяхатшы, серуенге шыққан жергілікті тұрғын тастап кеткен пластик пакеттерді, бірреттік ыдыстарды, басқасын жеп қойып, қиналып өлетін жағдайлар болады.

Курорттық аймақтарда қоқыстан таулар пайда болмауы үшін ЩБКА аумағын санитарлық тазалау, қоқысты шығару жұмыс күндері күніне 3 ретке, мерекелік күндері – 4 ретке дейін ұлғайтылыпты.

ЩБКА өңірі қылмысы өршіген криминалды өлке саналмайды. Дегенмен, туристер саны артқандықтан құқық пен тәртіпті сақтау да күшейтіліп жатыр.

"Щучинск-Бурабай курорттық аймағында тәртіп пен қауіпсіздікті лайықты қамтамасыз ету мәселесі Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды. Бүгінде қоғамдық тәртіпті қорғауға, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын патрульдік полицияның 30 наряды көшеге шығады. Оның бесеуі – туристік полиция. Сонымен бірге, Бурабай кентінде, Кенесары көшесі, 54 "Б" мекенжайында тәулік бойғы режимде туристік полицияның модульді бекеті жұмыс істейді. Кез келген саяхатшы соған жүгіне алады", – деді Роман Скляр.

Оның дерегінше, 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бері полиция туристердің қылмыс жасауының немесе олардың қылмыстан зардап шегуінің бірде бір дерегін тіркемепті.  

Бірінші вице-премьер Бурабай курортындағы туристік полицияның шұғыл ден қою мүмкіндіктері арттырылатынын мәлім етті. Осы мақсатта тәртіп сақшылары электрокарлармен жабдықталмақ. Биылғы 2025 жылы 4 электромобиль сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ, ЩБКА-да ақылды бейнекамералар жаппай орнатылады. Осы жылы 100 бірлігін сатып алып, қойып шығу жоспарда бар көрінеді.

Бұдан бөлек, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үлкен Шабақты (Айнакөл, Большое Чебачье деп те аталады), Бурабай көлдерінде 2 су құтқарушылары станцияларының құрылысын аяқтау белгіленді.

Басқа түгіл, Щучинскінің аудандарында интернет пен ұялы байланыс нашар аулайды. Ал, тау жақта мүлдем байланыссыз қалу қаупі бар. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, ЩБКА аумағы ескірген 2G, 3G, ішінара 4G стандарттарындағы интернет және ұялы байланыспен қамтылған.

"Байланысы нашар локациялар жетерлік. Байланыс сапасы деңгейін одан әрі дамыту және байланыс сапасы нашар аймақтарды азайту үшін Ақмола облысының әкімдігі Цифрландыру және мобильді байланыспен қамту аймақтарын кеңейту жөніндегі жол картасын қабылдады. Оның аясында 6 антенналық-діңгектік құрылым қондыру жоспарланған", – деді Скляр.

Интернет пен ұялы байланыс тарататын бұл мұнараларды орнату үшін келесі орындар бөлініпті:

  • "Aqbura park" демалыс базасы (53.129700° 70.276610°),
  • Абылай хан алаңы (53.082025° 70.235553),
  • "Жезказганец" балалар санаторийінің аумағы (52.955120° 70.364280°),
  • "Энергоинформ" АҚ оқу-өндірістік комбинатының аумағы (52.949360° 70.390160°),
  • "Бурабай" табиғи паркінің территориясы (53.057520° 70.329980°),
  • Жүкей ауылындағы "Ақ жол" қонақтар үйінің аумағы (52.929836° 70.594330).

Бұдан өзге, "Сұлтан плаза" демалыс үйінің аумағында және Көгілдір шығанақ (Голубой залив) ауданында мұнара қоюсыз базалық станция орнату жоспарланды.

Қазіргі кезде осы шаралардың операторы "Кселл" АҚ-ы Абылай хан алаңында антенналық-діңгектік құрылымды монтаждады және Көгілдір шығанақ ауданын жабдықтап жатыр.

Цифрлық даму министрлігі оператормен бірлесіп бұл жұмысты жеделдетуге және базалық станцияларды 2025 жылғы 1-ші тоқсан, яғни, наурыз айы аяқталғанша орнатып болуға тырысуда екен.

Роман Скляр тұтастай алғанда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында екенін жеткізді. Ал, негізінен, келесі жылдан 137 миллиард теңгенің қомақты сомасы бөліне бастаса, бұл өңір адам танымастай түрленуге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу