Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама бұл жарыста 6 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль иеленді.
Алтын жүлделерді 50 келі салмақта Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Махмуд Сабырхан, 70 келіде Төрехан Сабырхан, 85 келіде Нұрбек Оралбай және 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай жеңіп алды.
Күміс медальдар 70 келіде Аман Қонысбековке, 90 келіде Сағындық Тоғамбайға және 90 келіден жоғары салмақта Нұрасыл Асылханға бұйырды.
Қола жүлделерді 50 келіде Нұрзат Оңғаров, 70 келіде Нұрбек Мұрсал, 75 келіде Тимур Нұрсейітов және 80 келіде Азамат Бектас еншіледі.
Сондай-ақ бұрымды боксшыларымыздан Умида Садықова алтыннан алқа тақса, Панар Сейітханқызы мен Назерке Серік күміс медаль иеленді. Ал 48 келіде өнер көрсеткен Елянур Турганова мен 80 келіде шаршы алаңға шыққан Гузаль Садықова қола медальді қанағат тұтты.
Аталған турнир Қазақстан құрамасы үшін жаңа бас бапкер Нұржан Насановтың жетекшілігімен өткен алғашқы ресми жарыс болды. Турнир алдында команда Испанияның Бенидорм қаласында өзге ұлттық құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізген.