Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал – Қасым-Жомарт Тоқаев

333

Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: aqorda.kz

Президент шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

"Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода, оны көшпенділер Олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетінің жер жаһанға паш етеді. Спорт өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қарым-қатынаста болғанын қалаймыз, сондықтан көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек. Құрметті достар, Ұлы дала дүбірі еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы бес күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі болсын. V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бірлік пен татулықтың тойы екенін атады.

"Көшпенділердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды. Мыңдаған жылға жалғасқан осы көш қазір басқаша сипатқа ие болды. Көшпенді өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз даңқты көшпенділердің мұрагеріміз, батыр бабалардың ұрпағымыз. Олар ел мен жерді қорғап ұланғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау бәрімізге ортақ парыз", – деді Президент.

"Астана Арена" стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу