Қазақстан чемпионаты қорытындыланды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3894

Футболдан ХХV Қазақстан чемпионатының премьер-лигадағы додасы 11 қараша күні көмбесіне жетті.

Қазақстан чемпионаты қорытындыланды Фото: pflk.kz

Бүгін ХХVІ Қазақстан премьер-лигасында соңғы, яғни 33-турдың ойындары өтіп, қорытындысы шықты. Әйтсе де, ел чемпионаты әлі толық аяқталған жоқ. Енді "өтпелі матч" өтеді. Онда премьер-лигада 10-орынға ие болған "Ертіс" пен Бірінші лигада үшінші орынды иеленген "Қыран" кездеседі.

Екі ойыннан тұратын екеуара кездесудің жеңімпазы келесі жылы премьер-лигада ойнау құқығына ие болады. Ал жеңілгені Бірінші лигада доп тебеді. Бірінші ойын 16 қараша күні Шымкентте, ал қарымта матч 20 қарашада Павлодарда өтеді.

Сонымен қатар биыл 2018 жылғы Қазақстан кубогы ел чемпионатынан кейін сарапқа салынатын болып бекітілген. 24 қараша күні ел кубогының финалында "Қайрат" пен "Атырау" долаға түседі. Осы матчтан кейін келесі жылы Еуропа лигасында ойнайтын төртінші клуб белгілі болады. Егер "Атырау" жеңсе, Қазақстан кубогының жеңімпазы ретінде аталмыш Еурододаға қатысады. Ал "Қайрат" жеңсе, онда премьер-лигада төртінші орын алған "Ордабасы" клубы бақ сынайды. 

Ал біз бүгін Қазақстан чемпионатының қайсыбір статистикалық деректеріне атүсті тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.

Ресми қорытынды деректер:

2018 жылғы Қазақстан чемпионы – "Астана".

2018 жылғы күміс жүлдегер – "Қайрат" (Аламты).

2018 жылғы қола жүлдегер – "Тобыл" (Қостанай).

2018 жылы премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалған командалар – "Қызыл-Жар" (Петропавл) және "Ақжайық" (Орал).

2019 жылғы премьер-лига жолдамасын жеңіп алған командалар – "Оқжетпес" және "Тараз"

2019 жылғы премьер-лиганың үшінші жолдамасын сарапқа салатындар – "Ертіс" және "Қыран".

2018 жылы УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын клуб – "Астана".

2018 жылы УЕФА Еуропа лигасында бақ сынайтын клубтар – "Қайрат", "Тобыл" және "Атырау" (ел кубогы) немесе "Ордабасы" (4-орын).

Ең, ең, ең....

Ең көп ұпай жинаған команда – "Астана" (77),

Ең аз ұпай жинаған команда – "Ақжайық" (30),

Ең көп жеңіске жеткен команда – "Астана" (24),

Ең аз жеңіске жеткен командалар – "Ақжайық" (7),

Ең аз жеңілген команда – "Астана" (4),

Ең көп жеңілген командалар – "Ертіс" пен "Қызыл-Жар" (18),

Ең көп гол соққан команда – "Астана" (66),

Ең аз гол соққан команда – "Қызыл-Жар" (27),

Ең аз гол жіберген команда – "Астана" (22),

Ең көп гол жіберген командалар – "Қызыл-Жар" мен "Ақжайық" (48),

Ең үздік доп айырмасы – "Астана" (+44),

Ең нашар доп айырмасы – "Қызыл-Жар" (–21),

Ең көп гол соққан футболшы, сұрмерген – Маркос Пиззелли (18 доп, "Ақтөбе").

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу