Қазақстан чемпионаты: "Торпедо" қайта көш бастады

1612

Өскеменнің хоккей клубы сенбіде өзінің фарм-клубы "Алтай-Торпедоны" жеңіп, Қазақстанның тұрақты чемпионатында көш бастады.

Қазақстан чемпионаты: "Торпедо" қайта көш бастады

Хоккейден ел чемпионаты аяқталуға жақын. 26-желтоқсан күні алдын ала күтілгендей кестенің жоғарғы бөлігінде өзгерістер орын алды. Бұған дейін алғашқы үштікті астаналық "Номад", Өскеменнің "Торпедосы" мен "Теміртау" құраған болатын. "Теміртау" өзінің басты клубынан асып түсіп, қарағандылық "Сарыарқадан" бір ұпай алға озды.

Екі команда арасында өткен кездесудің алғашқы кезеңінде "Торпедо" есепті 4:0-ге дейін жеткізді. Ең алдымен оныншы минутта Александр Меньшиков шайбаны нысанаға дәл бағыттады. Қақпашы бұл соққыны қайтара алмай, есеп ашылды. Үш минуттан кейін торпедалықтар шайбаны қарсыластар аймағына алып шығып, Сергей Кузнецов екінші голды соқты. 14-минутта "Алтай" қақпасына үшінші гол соғылды. Гол авторы Кирилл Савицкий. 16-минутта "Алтайдың" қақпашысы мен "Торпедоның" шабуылшысы Валерий Гурин бетпе-бет келіп, есеп 4:0-ге жетті.

Екінші кезеңде "Алтай" қорғаныста ширақ қимылдады. Сондықтан жиырма минутта тек бір ғана гол соғылды. Матчтың 39-шы минутында Игорь Левицкийдің шығарған пасын Иван Кучин қарсыластардың бос қақасына дәл бағыттап, есепті 5:0-ге жеткізді. Үшінші кезеңнің басында "Алтайдың" хоккейшісі Никита Колобов таблодағы көрсеткіштің өзгеруіне себепші болды. Бірақ осы голдан кейін 3 минут өткен соң "Торпедо" командасы бұл голға Савицкийдің екінші шайбасымен жауап берді.

51-минутта Стас Петросянның голынан кейін есеп 7: 1-ге дейін жетті. Алтай есеп айырмашылығын ең болмағанда бір голға дейін қысқартуға тырысты. 55-минутта "Алтайдың" көздегені орындалып, Степан Богданов гол соқты. Бірақ 50 секунд өтпей жатып қорғаушы Андрей Виноградов айдынның дәл ортасынан қақпаға соққы бағыттап, екі команда арасындағы есеп айырмасын алтыға дейін жеткізді. 57-минутта Александр Архипов тоғызыншы рет "Алтай" қақпасынан саңылау тапты. Матч 9:2 есебімен аяқталып, кездесуде "Торпедо" жеңіске жетті.  

Өскемендік клуб 58 ұпай жинап, бірінші орынға шықты. Жексенбіде "Торпедо" мен "Алтай" тағы кездеседі. "Торпедо" командасы ол уақытта да жеңіске жетуі керек. Өйткені олардан екі ұпайға қалып қойған астаналық "Номад" сол күні Рудныйдың "Горняк" командасын өз мұз айдынында қабылдайды. Ал, қарағандылық "Сарыарқа" 27-желтоқсанда Нұр-Сұлтанның "Снежные Барсы" командасын жеңіп, "Теміртауды" үшінші қатардан ығыстыруға тырысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу