Қазақстан Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы рейтингінде 58-орында

2378

Рейтингте Қазақстан Ресей, Беларусь, Украинаның алдында тұр.  

Қазақстан Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы рейтингінде 58-орында

Еліміз денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша әлемдік рейтингте 95 елдің арасында 58-орынды иеленді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылғы бірінші жартыжылдықта Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша Numbeo рейтингінде Қазақстан 95 елдің арасында 58-орынға тұрақтады. 
Қазақстан индексі – 59,62. Индекс 100-ге неғұрлым жақын болса, елдің денсаулық сақтау жүйесі соғұрлым сапалы деп саналады. 

Индексті есептеу кезінде денсаулық сақтау мамандарының білімі, медициналық жабдықтардың сапасы, дәрігерлердің біліктілігі, қызмет көрсету бағасы және тағы басқа факторлар назарға алынды. 

Рейтингте ТМД елдері арасында Ресей, Украина, Беларусь, Әзірбайжан Қазақстаннан кейін тұр. Бұл олардың көрсеткіштері төмен екенін көрсетеді.

Тізімнің басында Тайвань, Оңтүстік Корея және Франция, соңында Венесуэла тұр.
2021 жылғы бірінші тоқсанда денсаулық сақтау саласында 546,4 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ақшалай мәнде 47,2%-ға артық.

Медициналық қызметтің басым бөлігі Алматыда көрсетілген: 93,8 млрд теңге. Бұл 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда 46%-ға көп.

Үздік үштікке елорда (71,1 млрд теңге) және Алматы облысы (45,1 млрд теңге) енді.
Солтүстік Қазақстан облысында медициналық қызметтің ең аз көлемі көрсетілген: 15 млрд теңге, бір жылда тек 46,3%-ға ғана өскен.

Биыл бюджет есебінен 429,8 млрд теңгеге қызмет көрсетілген: өткен жылға қарағанда ақшалай мәнде 46,7%-ға артық.
Тұрғындар есебінен көрсетілген қызмет көлемі 31,5%-ға немесе 65,9 млрд теңге, кәсіпорындар есебінен 81,5%-ға немесе 50,7 млрд теңгеге өскен.285,3 млрд теңге – ауруханада, 113,9 млрд теңге – жалпы дәрігерлік практика саласындағы қызметтерге, 34,7 млрд теңге – арнайы дәрігерлік практика саласындағы қызметтерге, 15,4 млрд теңге – стоматология саласындағы қызметтерге жұмсалған.

Денсаулық сақтау қызметінің сапасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің біліміне байланысты екені белгілі.

2020 жылғы "Атамекен" ҰКП дерегіне сәйкес, Қарағанды медицина университеті "Жалпы медицина" бағдарламасы бойынша еліміздің үздік жоғары оқу орны атанды.
Аталған оқу орнын бітірген студенттердің орташа жалақысы – 199,7 мың теңге, жұмысқа орналасу деңгейі – 93,53%, жұмыс іздеу ұзақтығы – 1,18 ай.

Сондай-ақ үздік үштікке Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті енді. 
Рейтинг үш блоктан тұратын 17 критерий негізінде жасалды: "Түлектердің болашағы", "Білім беру бағдарламасының сапасы", "Білім алушылардың жетістігі".

Дәурен Ерболат
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу