Қазақстан экономикасына тағы бір банк кіруі мүмкін

2025 жылға дейін 46 млрд доллар инвестиция тарту көзделген.  

Қазақстан экономикасына тағы бір банк кіруі мүмкін

Сенаттың Қаржы және  бюджет комитетінің кеңейтілген  отырысында  "Қазақстан республикасы мен  Солтүстік инвестициялық банкінің арасындағы  негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасы қаралды.

Құжатты кеңес мүшелеріне Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Әсет Ерғалиев таныстырды.

"Тұңғыш Президент – Елбасының 2018 жылғы Финляндия Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол қойылған  негіздемелік келісімді ратификациялау мәселесін қарауға ұсынып отырмыз.  Қазақстанның заңнамалық актілерінде  валюта айырбастау, ақша қаражатын аудару, банк  құжаттары бойынша тендерден өткізу, сондай-ақ  Солтүстік инвестициялық банкті салықтан босату  бойынша нормалар көзделмегендіктен,  келісімге ұсыныс енгізуді қолдауларыңызды сұраймыз. Бұл банктің қаржыландырудағы негізгі бағыты – энергетика,  телекоммуникация,  көлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы,  денсаулық сақтау сияқты секторлар. Жасыл экономиканы дамытуға да инвестиция салуы мүмкін", – деді вице-министр.

Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарушы директоры Руслан Тұраров аталмыш банктің Қазақстан экономикасына келуі  инвестициялық климатты нығайтпақ деп отыр.

"Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан экономикасына келуі оның акционері саналатын Балтық жағалауы мен Скандинавия компанияларын инвестор ретінде тартады. Ал бұл компаниялар бұрын біздің елге инвестиция салу үшін қаржыландыратын банк іздеуге уақыт жоғалтатын. Бүгін қаралған заң жобасы күшіне енсе, аталмыш процесс оңтайланады. Жалпы 2025 жылға дейін 168 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ол үшін  46 млрд доллар инвестиция тарту қажет. Солтүстік инвестициялық банк сол қаржының бір бөлігін салады деген үміт бар",– дейді ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу