"Қазақстан экономикасының әлсірейтіні көрші елдердегі соғыссыз-ақ белгілі болған"

4811

Белгілі экономист Айдарбек Құсайынов Inbusiness.kz тілшісіне ел экономикасындағы соңғы өзгерістер жөнінде пікір білдірді. Ол сонымен қатар Украина мен Ресей арасындағы соғыс Қазақстанның қалыпты өміріне, экономикасына қалай әсер ететіні туралы да ойын айтты.

"Қазақстан экономикасының әлсірейтіні көрші елдердегі соғыссыз-ақ белгілі болған"

"Ресей тарапы Украинаның екі облысын жеке республика деп таныды. Одан кейін Батыс елдері санкция салды. Ал қазір соғыс басталып кетті. Енді алдыңғы санкциялардың түк мәні қалмай қалды. Маңызды емес олар. Енді жаңа санкциялар салынады. Ал Қазақстан экономикасына келер болсақ, ол дербес. Қазақстан экономикасы дәл осылай әлсірейтіні керек десеңіз 2020 жылы белгілі болған. Ол туралы сол кезде айтқанбыз. Сондықтан теңгенің әлсіреуі санкция салдары емес. Себебі біз ұлттық валютаны интервенциямен ұстап тұрдық. Теңгенің әлсірейтіні онсыз да белгілі болған. Дағдарыс болатыны геосаятсыз-ақ анық еді. Әлбетте, қазір бәрін геосаясатқа жауып, Ресейдің салдары деп көрсетерлік түр жасауымыз мүмкін. Сондықтан менен экономикалық дағдарыс бола ма деп сұрасаңыз, біз шын мәнінде сол дағдарыстан соңғы 3 жылда шыққан жоқпыз деп жауап берер едім", – деді ол телефон арқылы білдірген пікірінде.

Экономистке үкіметтің қолға алып жатқан шараларының тиімділігі жөнінде сұрақ қойғанбыз. Алайда оның жұмысына Айдархан Құсайынов көңілі толмайтынын айтты.

"Үкіметтің қазіргі шаралары меніңше, елді дағдарыстан шығара алмайды. Тек уақытты созады. Бізге жалпы экономикалық бағытты өзгерту керек. Саяси жігер керек ол үшін. Дәл қазір экономикалық саясатты өзгертетін ең ыңғайлы уақыт дер едім. Мысалы сіз спортпен ешқашан айналыспай келіп, бір күні кіріссеңіз, ертеңінде денеңіз қақсап, уақытша ауыруыңыз мүмкін. Экономикада да сол секілді. Оның кез келген өзгерісі оңай емес. Дегенмен басы қатты болғанымен, кейін оның жемісін көруге болады. Алда да айыпты көрші елдің саясатына жапқаннан гөрі, айқай-шуды қойып, экономикалық саясатты өзгерту керек", – дейді ол.

Айдарбек Құсайынов қазір үкіметтің алдында екі жол тұрғанын атап өтті.

"Екі нұсқа бар: бірі экономикалық саясатты өзгерту, екіншісі – жағдайды тұрақтандыруға тырысу. Тәжірибе көрсетіп отрғандай, өзгертуді емес, біз жай ғана жағдайды тұрақтандыру амалын таңдаған секілдіміз", – деп түйді экономист.

Еске сала кетсек Ресей тарапы Украинаның Донецк және Луганск облыстарын жеке республика деп танығаннан кейін АҚШ, Ұлыбритания және Германия бастаған Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияларды күшейтті. Атап айтқанда, неміс канцлері Олаф Шольц "Солтүстік ағын 2" газ желісінің операторы – Nord Stream 2 AG компаниясына қарсы санкция енгізіп, желінің сертификаттауын тоқтатты. Лондон мен Вашингтон тарапынан да ресейлік банктерге қарсы санкция салынған. Алайда бүгін Ресей Президенті Владимир Путин Донецкте ауқымды әскери операция басталғанын мәлімдеді. Украина президенті орыс тілінде Ресей халқына үндеу жасап, басқыншы әскерге қарсы халық қорғанатынын айтты.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу