Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыпты болады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
10361

Дүниежүзілік банк сарапшыларының есебінше, 2018 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2,6%-ды құрайды.  

Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыпты болады

Дүниежүзілік банк 2018 жылға арналған әлемдік экономиканың перспективалары туралы баяндамасын жария етті. Онда мемлекеттердің экономикалық өсіміне болжам жасалған. Баяндамада Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыпты болады делінген. Нақтырақ айтсақ, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы және салықтық-бюджеттік ынталандыру секілді бір реттік шаралар тиімділігінің әлсіреуіне байланысты Қазақстан экономикасының өсімі 2,6% деңгейінде қалыптасады деп жазылған.

Жалпы, банк сарапшыларының болжамынша, 2017 жыл күткендегіден әлдеқайда табысты болған. Осының нәтижесінде 2018 жылғы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3,1%-ға дейін жетуі мүмкін. Мұндай өсім инвестициялардың одан әрі қалпына келуінің және сауда, өнеркәсіп салаларындағы серпілістің, сондай-ақ шикізат бағасы тұрақтылығының нәтижесінде мүмкін болмақ.

Биыл әлемнің дамыған елдеріндегі экономикалық өсім қарқыны сәл-пәл (2,2%) төмендейді. Бұған орталық банктердің дағдарыстан кейінгі қаржылық ынталандыру бағдарламаларын кезең-кезеңімен қысқартуы және оларды тұрақтандыру үшін бөлінген инвестициялар көлемінің өзгеруі әсер етеді. Ал нарықтық экономика қалыптасып жатқан елдер мен дамушы мемлекеттердегі экономиканың өсу қарқыны жалпы алғанда 2018 жылы 4,5%-ға дейін өседі. Сарапшылардың болжамынша, мұндай өсімге мемлекеттердегі іскерлік белсенділіктің үздіксіз қалпына келуінің нәтижесінде қол жеткізіледі.

"Әлемдік экономиканың өсу қарқынының барынша қалпына келтірілуі көңілге сенім ұялатады. Алайда қазір тоқмейілсейтін уақыт емес. Себебі бүгінде адами және физикалық капиталдарға инвестиция салуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Егер әлем саясаткерлері осынау маңызды инвестицияларға көңіл аударса, онда мемлекеттер өнімділікті еселеп, экономикалық белсенді халықтың үлесін айтарлықтай арттыра алады", – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ён Ким.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамына сүйенсек, 2018 жыл қаржылық дағдарыстан кейін әлемдік экономика толық қуатта жұмыс істейтін алғашқы жыл болмақ. Десе де, мемлекеттер қысқамерзімді болашақта экономикалық өсімді ынталандырудың жолдарын қарастыруы керек.

"Жұмыссыздық көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралды. Дамыған және дамушы елдердің экономикалық жағдайы жақсаруда. Соған қарамастан, саясаткерлер экономикалық өсімді қолдаудың жаңа тетіктерін табуы керек. Атап айтқанда, тұрғындардың өмір жасының ұлғаюына жасалатын қысымның артуына байланысты өнімділікті арттыру үшін жедел реформалар қажет", – деді Дүниежүзілік банктің экономикалық даму перспективаларын зерттеу департаментінің директоры Айхан Косе.

Жалпы, Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі экономикалық өсім 2017 жылғы болжамнан асып түсіп, 3,7%-ды құраған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш небары 1,7%-ға тең болған екен. Мұндай жетістікке қол жеткізу 2014 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуінен кейін үш жылдық өте баяу өсімнің нәтижесінде мүмкін болды. Бұл ретте шикізатты импорттайтын елдерде де, экспорттайтын елдерде де өсім байқалған. Ал экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге ықпал еткен негізгі факторлар – жеке тұтыну және инвестициялар.

Еуропа және Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімі күрт артқан мемлекеттің бірі – Қазақстан. Біздің елдегі өсім 2016 жылы 1,1%-ға тең болса, былтыр 3,7%-ды құрады. Мұндай елеулі өсім Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты болды. Атап өтерлігі, мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) мүшелері қол жеткізген мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімнің Қашағанға қатысы жоқ.

Банктің болжамынша, 2018 жылы Еуропа және Орталық Азия өңірінде экономикалық өсім қарқыны 2,9%-ға дейін азаяды.   

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу