Павлодардағы Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ) "қанатты" металл өндірісін бастағаннан бері бастапқы алюминийдің мерейлі 4 миллиондық тоннасын өндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"4 миллионыншы тонна өнімді шығару – кәсіпорнымыздың жылнамасындағы ерекше оқиға. Бұл мерейлі меже – біздің барлық қызметкеріміздің еңбегі, олардың әрқайсысы өндіріске өз үлесін қосып жүр. Біздің ұжымның әрбір мүшесінің арқасында осы жылдар ішінде өндіріс табысты дамып, тиімді бола түсті. Қазір кәсіпорында өндіріс дәстүрлерін лайықты жалғастырып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жүрген 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеп жатыр", – дейді "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ өндіріс жөніндегі директоры Мұрат Жұмабаев.
Металлургтер үшін алғашқыда 4 миллион тонна алюминийді елестетудің өзі ғажайыпқа тең еді. Егер 4 миллион пакетті бір қатарға қойсаңыз, Павлодардан Мәскеуге дейінгі аралыққа жол салуға болар еді. Ал егер мұндай көлемді теміржолмен тасымалдар болса, онда 65 мың вагоннан тұратын құрам қажет болады.