Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатында қандай нәтиже көрсетті?

1191

Бокстан 2022 жылғы Азия чемпионаты да мәресіне жетті. Әрине, биыл Азия ойындарының өткізілмеуі құрлықтағы ең мықты боксшылардың жекпе-жекке дайындалуына әсер етпей қоймады.

Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатында қандай нәтиже көрсетті? Фото: olympic.kz

Қазақстан ерлер құрамасы Иорданияда өткен Азия чемпионатында медальдық есепте екінші орынға ие болды. Қайрат Сәтжанов шәкірттері жеңіс үшін Өзбекстан құрамасымен күресті. Финалда ел намысын тоғыз боксшы қорғады. Бірақ олардың үшеуі ғана - Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін), Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) және Айбек Оралбай (92 дейін) турнир жеңімпазы атанды.

Финалдық бәсекеде Өзбекстан атынан жеті спортшы өнер көрсетіп, оның бесеуі чемпион болды. Финалда өнер көрсеткен боксшылар саны бойынша Иордания үшінші (төрт боксшы) орынға жайғасты.  Ал қазақстандықтар финалдық жекпе-жектерін сәтті бастады деп айта алмаймыз. Себебі төрт кездесудің бірінде ғана жеңіске жетті. Өзбекстан, керісінше, финалдық кездесулердің алғашқы жартысын жеңіліссіз өткізіп, бірден үш алтынға қол жеткізді.

67 келіге дейінгі салмақта жетінші финалдық жекпе-жек күтпеген нәтижемен аяқталды. Екінші раундта Дулат Бекбауов нокдаунға түсіп, бұл жалпы нәтижеге әсер етті. Осылайша қазақстандық боксшы төрешілердің шығарған шешімімен 2:3 есебімен жеңіліс тапты.

Сонымен қатар Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Нұрқанат Райыс (75 келіге дейін) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг дейін) күміс жүлдегер атанды.

Финалдың соңғы бөлігінде Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары үш бетпе-бет жекпе-жек өткізді. Сәтжанов шәкірттері бір жекпе-жекте ғана жеңіске жетіп, жалпы жарыс көшбасшысы болу мүмкіндігін уыстан шығарып алды. Аса ауыр салмақтағы Оралбайдың жеңісі бізге үміт сыйлағанымен, ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев күтпеген жерден өзбекстандық бәсекелесінен жеңіліп қалды. Осылайша, қазақстандықтар негізгі бәсекелестерінен бес кездесудің төртеуінен ұтылып, Иорданияда өткен Азия чемпионатында жүлделі екінші орынға табан тіреді.

Көшбасшылар арасындағы текетіресте Иордания құрамасы да Қазақстан мен Өзбекстанға бәсекелес бола алар еді. Бірақ, ринг қожайындары төрт финалдың екеуінде ғана жеңіске жетіп, үздік үштік қатарын толықтырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу