Қазақстан ет өнімдерін жиі экспорттаған мемлекеттер қатарында Қырғызстан, Өзбекстан секілді көрші елдер де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сондай-ақ, министрлік мәлімдемесінде Еуропа одағына экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен қаржысы жарияланған.
– Қазақстан биылғы бірінші тоқсанда экспортқа 10,8 мың тонна құс еті өнімдерін 17,9 миллион АҚШ доллары сомасында Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан, Қатар және Әзербайжанға тасымалдады. Сондай-ақ, 4,6 мың тонна қой етін 8,6 миллион АҚШ долларына Өзбекстанға, Қатарға, БАӘ, Кувейтке, Сауд Арабиясына, Иранға, Тәжікстанға, Иорданияға шығарды, – деп жазылған ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қытай мен Еуропа бағытында ет және өзге де өнімдер экспортталмағанын жеткізген. Есесіне Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлері артқанын хабарлаған.
– Атап айтқанда, күнбағыс майы 65,4 миллион АҚШ долларына (2,4 есе өсті), зығыр тұқымы 39,2 миллион АҚШ долларына (3 есе артты), күнбағыс тұқымы 30,3 миллион долларға (66,6%-ға өсті), арпа дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдеу қалдықтары 14,1 миллион АҚШ долларына (55,7%-ға өсті) жетті. Сондай-ақ, Еуропа одағына бидай 53,9 миллион АҚШ долларына (47,7%-ға өсті), зығыр тұқымы 39,2 миллион долларға (2,6 есе артты), рапс тұқымы 15,3 миллион долларға (7,9 есе артты), кептірілген көкөніс бұршақ дақылдары 7,7 миллион долларға (20 есе артты) экспортталды, – деп нақтылай түсті министрлік.
Inbusiness.kz сайтының тілшісі бұған дейін көрші елдің халқы еркінен тыс жаппай вегетарианға айналуы мүмкін екенін жазған болатын.