Қазақстан Еуразиялық одақ елдерінен келетін сапасыз тауарларға тосқауыл қоймақ

2656

Парламент "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы" ақыры ратификациялады. 

Қазақстан Еуразиялық одақ елдерінен келетін сапасыз тауарларға тосқауыл қоймақ Фото: aqorda.kz

Бұл құжат он жыл бұрын елордада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері қол қойған Еуразиялық одақ туралы шартқа 106 түзету енгізеді.

Соның ішіндегі бір түзетуден сарапшылар қауіп қылып отыр. Соның салдарынан, ресейлік, беларусьтік тауарлардың Қазақстан нарығына кіруі барынша жеңілдейді. Қазақстандық бақылаушы органдардың елге келетін өнімдерді асықпай тексеріп, рұқсат беруіне қажеттілік қалмайды. Яғни, одақтық өнімдерді сәл де болса тежеп, отандық тауарларға қолдау көрсету үшін протекционистік саясат жүргізу қиындайды.

Сенатор Серік Өтешовтің түсіндіруінше, нәтижесінде, биылдан бастап, фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі де пайда болады. Электрондық құжаттарды енгізу "алқаптан дүкен сөрелеріне" дейінгі жеміс-жидек өнімдерінің партияларын цифрлық қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің кәсіпкерлерге өз өнімдерін көршілес мемлекеттердің нарықтарына жеткізу кезінде фитосанитариялық бақылау органдары тарапынан негізсіз тексерулерді жүргізуіне тоспа қойылуы мүмкін.

Сөрелерде бүгінде ресейлік, беларусьтік тауарлар сықасып тұр. Бұдан кейін қазақстандықтар дүкеннен отандық тауарды таппай қалмай ма?

Сарапшылардың бұл алаңдаушылығына жауап қатқан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Сенаттың таяудағы отырысында, сөз арасында отандық өндірушілерді қолдауға "Сапалы өнім" бастамасы да ықпал ететінін айтып қалды.

Бұл не бастама?

Ол азық-түлік және халық кең тұтынатын тауарларының сапасын бақылауға бағдарланған екен.

"Біз бірінші кезекте өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне назар шоғырландырып жатырмыз. Осы мақсатта бүгінде "Сапалы өнім" бастамасын жүзеге асыруға кірістік. Оның аясында тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында әрекет ететін қоғамдық ұйымдардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Әрбір өңірдегі қоғамдық ұйымдар осы бастамаға тартылады. Біз оларды бір республикалық қозғалысқа біріктіреміз", – деді Арман Шаққалиев.

Жаңа республикалық қозғалыс немен айналысады?

Министрдің түсіндіруінше, отандық, шетелдік өнімдер сатып алынып, сапасы мен қауіпсіздігі тексеріледі. Бұл ретте қозғалыс арзанқол өнімдерге көңіл бөлмек.

"Арзанның жілігі татымас деген. Егер өнім арзан болса, негізі, ол сапасыз болады. Тіпті қауіпсіздіктің ең төменгі талаптарына сәйкес келгеннің өзінде қаптамасындағы, заттаңба-этикеткасындағы жазулар арқылы тұтынушыны жаңылыстыруға тырысуы мүмкін. Осыған байланысты қоғамдық қозғалыс дүкен сөрелеріндегі өнімдердің үлгілерін алып, сынақтан өткізетін болады", – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сынақтан сүрінбей өткен өнімдерге "Сапалы өнім" стикерін жапсыру ұсынылған. Яғни, осы арқылы тұтынушыға сапалы өнімге жол сілтейді.

Сарапшылар бұл бастаманың пәрменді жүзеге асып, қауіпті, сапасыз тауарларға тосқауыл бола алатынына күмәнданады. Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын кем дегенде 65 қоғамдық ұйым әрекет етеді. Олар бюджеттік қаржыны игеруде, тұтынушылар атынан сотта талап қоюда бір-бірімен қатаң бәсекелеседі. Олардың бәрін ерікті түрде бір қозғалысқа біріктіру күрделі.

"Бұл бастама Ресейдегі контрафакт өнімдермен күреске арналған "Честный знак" ұлттық таңбалау жүйесінің көшірмесі. "Сапалы өнім" туралы былтыр, бір рет қана естідім: жергілікті сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен шағын семинар өтті. Онда бастықтар өз мекемесінің жұмыс қорытындысы туралы есебін оқыды. Шынын айтқанда, қоғамдық бастама аясында бізден не талап етілетінін жете түсіне алмадық. Жол картасы әзірленді деді. Алайда оған бюджеттен қаржы бөлінбеген. Егжей-тегжейі де айтылмады", – деді тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын заң кеңесшісі Ирина Некрасова.

Сарапшының айтуынша, дүкен сөрелеріндегі әрбір тауардың қауіпсіздігін, мемстандарттарға сәйкестігін биліктің өз құрылымдары тексеруге тиіс. Алайда бұрынғы билік тұсында бақылаушы-қадағалаушы органдар көптеген құзырынан айрылды, тексерушілердің аяқ-қолы түрлі тыйыммен байлап-маталды. Сөйтіп, нарықты сапасыз, тіпті өмірге, денсаулыққа қауіпті арзанқол тауарлар жапты.

Олардың легі әрі қарай артуда. Сарапшы осы үшін жауапкершілікті министрліктің қоғамдық ұйымдардың иығына арта салу талабын байқапты. Оның пікірінше, сапасыз өніммен күрес кешенді жүргізілуі керек.

"Ең алдымен, заңнама қатайтылғаны жөн. Қазақстанда жануарларды қорғау туралы заңы аясында оларды азаптауға тыйым салынады. Ал қауіпті, сапасыз өнімдермен адамдардың өмірін тозаққа айналдыруға, денсаулығына залал келтіруге жол ашық. "Сапалы өнім" бастамасы тиімді жүзеге асырылуы үшін тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына қосымша құзырлар берілуі керек. Мысалы, қоғамдық тексерушілерге зертханалық тексеріс қорытындысында кінәраттар табылған тауарларды дереу тәркілеу құқығын беруге болады. Мұндай тәжірибе өзге елдерде қарастырылған. Бізде оны негізінен, сот арқылы ғана жасау қалады. Бұл ұзақ уақытқа созылады, оның барысында өндіруші тауардың аталымын, сауда маркасын өзгерте салады", – деді И.Некрасова.

Бұған қоса, бастама аясында өнімдерді тұрақты "бақылаулық сатып алу", оларды лабораториялық тексерістен өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Зерттеу нәтижесі қағаз жүзінде қалмауы, нашар өнім сөреден дереу сүрілуі үшін пәрменді шаралар қабылдануы шарт.

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың түсіндіру жұмыстары бюджеттен қаржыландырылуға тиіс. Мысалы, Ресейдегі "Первый канал" арнасында 2006-2018 жылдары көрсетілген "Контрольная закупка" сияқты телевизиялық бағдарлама ашу ұсынылды.

Жалпы алғанда, сарапшылар қауіпті, сапасыз өнімдер кеден мен шекарадан өткізілмей, кері қайтарылуға тиістігіне назар аудартады. Еуразиялық одақ аясында шекаралық тексеру алынып тасталған. Ресей мен Беларусьтен келетін жарамсыз өнімдер елге кіріп, дүкендерге тарап кеткен соң олардың соңынан қуалап жүру – болымсыз, зая тірлік. Бұл түлкінің құйрығын қуалаған тазының өнімсіз әрекетіне ұқсайды. "Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап" дейді қазақ даналығы.

"Біз артынан қуалайтынымызды түсініп отырмыз. Себебі, ол өнімдер айналымға түсіп кетеді. Сондықтан біз былтыр жағдаяттық штаб құрдық. Оған өнімдердің қауіпсіздігіне, олардың айналымға жіберілуіне жауапты барлық бақылаушы органдар енді. Өзара іс-қимылдың алгоритмі түзілді. Оған сәйкес, елге кіретін өнімдердің сынамасын алу ісі заңға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер бар. Олар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар сияқты Ресеймен шектесетін шекаралас өңірлерге қатысты. Мысалы, соларға өнімін өткізіп келген 8 өндірушінің өнімін сатуына тыйым енгізілді", – деді министр Арман Шаққалиев.  

Оның мәліметінше, сынама алу нәтижесінде 62-ден астам сәйкестік декларациясының күшін жойылды. Маңыздысы сол, ресейлік бұл декларациялар көршінің өнімдерін Қазақстанға үлкен партиялармен өткізуге мүмкіндік беріп келіпті.

Мысалы, бірқатар ресейлік құс фабрикаларының өз өнімін елімізге әкелуіне тыйым енгізілді. Өйткені ресейлік құс етінің үлгілерінен алынған әрбір 4-ші сынамада зиянды заттардың көлемі рұқсат етілген көрсеткіштерден бірнеше есе асып түскенін Денсаулық сақтау министрлігінің зертханалық зерттеуі анықтады. 

Министр бұрынғы жылдары, әсіресе, пандемия кезеңінде өнімдерден сынама алып, тексеру жұмысы тоқырағанын жасырмады. Алда мүдделі меморгандармен тізе қосып, бұл жұмысты қатайтуға ниетті.

Сондай-ақ оның айтуынша, бұл іске шағын және орта бизнесті тексеруге қойылған мораторийдің жойылуы да септеседі. Қадағалаушы органдар біртіндеп, тәуекелді басқару жүйесін нығайтуға кірісетін көрінеді. Яғни, өнімдердің тәуекелді, халықтың өміріне қауіп тудыруы мүмкін, әрі бұзушылықтар көп тіркелетін тауарлар тобы анықталып, күш-жігер соларға шоғырландырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу