Қазақстан Еуро - 2022 додасының плей-офф кезеңіне шықты

2312

Қазақстан құрамасы Италияны жеңіп, тарихында үшінші рет футзалдан Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Қазақстан Еуро - 2022 додасының плей-офф кезеңіне шықты

"В" тобындағы кездесу Гронинген қаласында өтіп, 4:1 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Игита матч басында шабуылға қосылып, доптан айырылып қалды. Бірақ қуанышымызға орай италиялықтар оның бұл қателігін пайдалана алмады.

6-минутта қазақстандықтар алғашқы болып есеп ашты. Біржан Оразов Дуглас Жуниордың пасын голға айналдырды. Үш минуттан кейін Азат Валиуллин Эдсонның алыстан жасалған соққысын тосып алып, командасының басымдығын нығайтты. Дәл сол уақытта қазақстандықтардың есепті тағы да еселей түсуіне болар еді. Бірақ Арнольд Кнауб соққыны қақпаға тура бағыттай алмады. 13-минутта Италия құарамасынан Николоди есепті қысқартты – 2:1. 

Үзілістен кейін италиялықтардың шабуылдары үдей түсті. Бірақ Каканың шәкірттері жанқиярлық жігер танытты. 30-минутта Оразов қарымта шабуылда дубль жасады. Ал 38-минутта Дуглас Жуниор қарсыластың бос қақпасына гол соғып, қорытынды нәтижені тіркеді – 4:1.

Осы жетістігінің арқасында Қазақстан құрамасы жеті ұпай жинап, өз тобының жеңімпазы атанса, екі ұпай жинаған Италия құрлықтық турнирден шығып қалды. Ширек финал 31 қаңтарда өтеді. Қазақстандықтар "А" тобының екінші командасымен ойнайды.

Тағы бір матчта Словенияны 2:1 есебімен жеңген Финляндия құрамасы да плей-оффқа шықты. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2016 жылы (үшінші орын) және 2018 жылы (төртінші орын) Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан болатын.

Футзалдан Еуропа чемпионаты. Топтық кезең. Қазақстан 4:1 Италия

Голдар: Оразов, 6 (1:0), Валиулин, 9 (2:0), Николоди, 13 (2:1), Оразов, 31 (3:1), Дуглас Джуниор (4:1).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу