2024 жылдың 19 желтоқсанында Қазақстан футбол федерациясының Сайлау комитетіне "Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы" ЗТБ өкілі Давид Григорьевич Лориядан өтініш келіп түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы өтініш негізінде ҚФФ Сайлау комитеті Давид Лорияны федерация президенті лауазымына үміткерлер тізімінен шығарды.
"Бүгін мен көптеген адамды таң қалдыратын, кейбіреулердің көңілін түсіруі мүмкін шешім қабылдадым. Яғни, бұл – Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне өз үміткерлігімді алып тастау туралы. Бұл шешім кездейсоқ емес. Мен өз үміткерлігімді Марат Омаров үшін алып тастамақшымын. Себебі оның Қазақстандағы футболды дамыту жөніндегі көзқарасы мен тұжырымдамасы маған жақын келеді. Оның біздің футболымызды жаңа деңгейге шығара алатынына, бәрін біріктіріп, бүгінгі ғана емес, ұзақ мерзімді болашақта да қажетті бағытқа бағдар алатынына шын жүректен сенемін. Марат Омаровтың бойында осы мақсаттарға жету үшін барлық қажетті қасиеттер бар. Ең бастысы – ол футболды бала кезінен бері жақсы көріп, осы күнге дейін ойнап, қызығып, футболмен өмір сүріп келеді", – дейді Давид Лория.
Осылайша, ҚФФ президенттігіне үміткерлердің тізімі келесідей:
- Даумов Алтай Алмасұлы – "Алматы облысының футбол қауымдастығы" ЗТБ атынан.
- Қайыров Ербол Қыдырбекұлы – "Ақмола облыстық футбол қауымдастығы" ЗТБ атынан.
- Омаров Марат Талғатұлы – "Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы" ЗТБ атынан.
Айта кетейік, ҚФФ-ның кезектен тыс XXVII Сайлау конференциясы 2024 жылдың 20 желтоқсанында өтеді.