Халықаралық футбол федерациясы ай сайын жаңартып отыратын ұлттық құрамалар рейтингінде Қазақстан құрамасы екі саты жоғары көтеріліп, 117-орынға орналасыпты. Бір қызығы, біздің құрама ешқандай ойын өткізбесе, төмен сырғымайды деуге болады... Өткен қаңтар айында да ұлттық құрамамыз жасыл алаңға мүлдем шыққан жоқ болатын.
Былтыр Қазақстан құрамасы тізгіні Болгария маманы Станимир Стоиловқа табыс етіліп, FIFA рейтингінде 100-дікке ену мақсат тұтылған еді. Алайда, клубтық деңгейде "Астанамен" Еурокубок додаларында ерекше көзге түскен білікті маман ұлттық құрамамызбен мұратына жете алмады.
Биыл Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысып, құрама тізгіні Чехия маманы Михал Билекке ұстатылды. Жаңа бапкер 15-22 ақпан аралығында Түркияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, футболшыларымызды іс жүзінде сынап көрмек. Әрі 21 ақпан күні Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Енді қаңтар айының қорытындысы бойынша түзілген FIFA рейтингісімен таныс болыңыздар (тек алғашқы ондық пен көршілерімізді ұсынып отырмыз):
1 (1). Бельгия – 1727 ұпай
2 (2). Франция – 1726
3 (3). Бразилия – 1676
4 (4). Хорватия – 1634
5 (5). Англия – 1631
6 (6). Португалия – 1614
7 (7). Уругвай – 1609
8 (8). Швейцария – 1599
9 (9). Испания – 1591
10 (10). Дания – 1589
30 (28). Украина – 1482
50 (48). Ресей – 1424
78 (76). Беларусь – 1317
89 (95). Өзбекстан – 1275
91 (89). Грузия – 1269
95 (91). Қырғызстан – 1253
96 (96). Эстония – 1246
101 (101). Армения – 1222
108 (107). Әзербайжан – 1206
117 (120). Қазақстан – 1159
120 (118). Тәжікстан – 1155
131 (132). Латвия – 1112
132 (133). Литва – 1111
136 (127). Түркіменстан – 1089
170 (170). Молдова – 979.
сұлба fifa.com сайтынан алынды
Маруан Түсіп