Қазақстан газын Қытайға экспорттай бастайды

2596

Қазақстан мен Қытай арасында күнтізбелік жыл ішінде отандық газдың 5 млрд текше метрін экспорттау жөнінде тарихи келісімге қол қойылды.

Қазақстан газын Қытайға экспорттай бастайды

Ұлттық оператор – "ҚазТрансГаз" АҚ-ның күтіліп отырған экспорттық түсімі 1 млрд долларды құрамақ. Бұл туралы abctv.kz-ке "ҚазТрансГаз" АҚ хабарлады.

Тарихи сату-сатып алу келісімшарты "ҚазТрансГаз" АҚ және қытайлық Petro China International Company Limited компаниясы арасында бекітілді. Компаниядағылар отандық газды экспорттау осы жылдың 15 қазанынан басталатынын мәлімдеді.

Еліміздің батысындағы кен орындары ресурстық база болмақ. Сондай-ақ "ҚазТрансГаз" АҚ-ның жерасты газ сақтау қоймаларындағы қор да осы мақсатқа жұмсалады. Қытайлық тарап тауарды "Қорғас" шекара бекетінен қабылдап алады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған келісімшарт бекітілгенге дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында табиғи газды тасымалдау және транзит саласында өзара тиімді әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Бұл қадам еліміздің батысындағы кен орындарынан алынатын газды Өзбекстан аумағы арқылы оңтүстік өңірлерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл келісім қысқы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлерін қажетті ресурспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге жол ашпақ. Қытайға отандық газды тұрақты тасымалдау да осы құжат аясында жүзеге асырылады. Екі елдің үкіметтері бекіткен келісім газ компанияларының өзара қатынасына жаңа леп бермек.

"Қазақстандық газды тасымалдау үшін транзиттік және экспорттық бағыттарды әртараптандыру, көгілдір отынның экспорттық көлемін ұлғайту – маңызды стратегиялық мақсат. Ел президенті осыған айырықша мән беріп отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің көлік және транзиттік әлеуетін толық ашу үшін тауарлардың транзитті еркіндігін қамтамасыз етіп, жаңа көлік дәліздерін құру қажет", – деген болатын "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ газ маркетингі және тасымалдау жөніндегі атқарушы вице-президент Қайрат Шәріпбаев.

Осылайша, "ҚазТрансГаз" АҚ жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымның дамуына өз үлесін қосуда. Қазақстан газын Қытайға тасымалдау қос тарап үшін өзара тиімді қатынастарға үлесін қоспақ. Атап айтқанда, ортақ инфрақұрылым құруға, еуразиялық өңір елдері арасында сауда және көлік байланыстарын реттеуге жол ашады.

Еске сала кетейік, "ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның негізгі газэнергетикалық және газ тасымалдаушы компаниясы. Компания ішкі және сыртқы нарықтағы мемлекеттің мүддесін көздейді. "ҚазТрансГаз" АҚ  табиғи газды магистральдық газ құбырлары мен газ таратушы желілер арқылы тасымалдауға арналған орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Сонымен қатар халықаралық транзитті қамтамасыз етеді, газды ішкі және сыртқы нарықтарда сатумен, газ сақтау қоймалары мен құбырларды салумен, қаржыландырумен айналысады.  

Еркебұлан Қыздарбек, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу