Қазақстан халқы ауызсумен қашан толық қамтылады?

Биыл бұл мақсатты іске асыруға ел бюджетінен 280 млрд теңге бөлінген. 

Қазақстан халқы  ауызсумен қашан толық қамтылады? Фото: google.com

Бүгінгі таңда еліміздегі 89 қаланың 65-і сапалы сумен толық қамтамасыз етілген, қалған қалалардың мәселесі 2025 жылдың соңына дейін шешіледі. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Қазақстан қалалары бойынша халықтың 98,4%-ы сумен қамтылған, оның ішінде СҚО, Маңғыстау, Атырау,Қызылорда, Жетісу, БҚО, Ұлытау, Ақтөбе, Алматы облыстарында қала тұрғындары толыққанды сумен қамтылған. Қалалар арасында ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл (91,9%), Абай (92,8%) және Ақмола облысында (95,3%) тіркелді", – деді спикер.

Айтуынша ауыл халқының 94,5%-ы сумен қамтылған. Ең төменгі көрсеткіш Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (85%) тіркелген. 

"Сондықтан биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны іске асыруға – 113 млрд теңге қарастырылған", – деп нақтылады Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары. 

Елімізде 2000-шы жылдардан бастап азаматтарымызды ауызсумен қамту үшін "Ауыз су", "Ақбұлақ", "Өңірлерді дамыту", "Нұрлы жер" бағдарламалары жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде көрсеткіш 96,8%-ға жеткізілді.

"Еліміздегі 19,7 млн адамның, 19,1 млн-ы сумен қамтамтылды. Қалған 600 мыңдай азамат 2025 жылдың соңына дейін толыққанды ауызсумен қамтылады",– деп үәде бергендей болды Әзімбек Пазылбекұлы. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшевтың айтуынша, бүгінде республикада ұзындығы 15,5 мың шақырымды құрайтын 76 топтық су құбыры бар.  

"Олар 1,4 млн тұрғыны бар 655 ауылдық елдімекенді ауызсумен қамтамасыз етіп отыр",– деді спикер.

Халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін топтық су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 22,3 мың тұрғыны бар 41 ауылдық елдімекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Жобалардың жалпы құны 37,8 млрд теңге. Оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында 3 жобаны жүзеге асыруға 8,6 млрд теңге қарастырылған. Бірінші, Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақбасты пункті. Екінші, Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Арал-Тоқабай-Абай жалғастырушы тармағын салу және Арал ауданының Тоқабай, Абай елдімекендерін сумен қамтамасыз ету, ал үшінші жоба – Соколов топтық су құбырын қайта жаңғырту", – деді комитет өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу