Қазақстан халқы "Қазақстан халқына" қорының құрамына қарсы!

18639

Қазақстандықтар қандай талап-тілек айтуда?  

Қазақстан халқы "Қазақстан халқына" қорының құрамына қарсы!

Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамы жарияланғаны мәлім. Қордағы ондаған, алда – жүздеген миллиард теңгені бөліске салуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары жауап беретіні айтылды.

Бұл жаңалық халық арасында қызу пікірталас тудырды және айтыс-тартыс әлеуметтік желілерді кернеп тұр.

Халықтың пікірін тұжырғанда, ел талабы мен сын-ескертпелері келесідей болып келеді. Біріншіден, "Қазақстан халқына" қорының құрамына қазақ тілін жете білмейтіндер кіріп отыр, ал былтырғы санақ қорытындысына сәйкес, Қазақстан халқының 70,18 пайызы – қазақтар. Демек "мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындар, тілін білмейтіндер халықтың қамын қалай ойлайды, мұқтаждығын қалай түсінеді?" Жұртшылық осы қоғамдық-әлеуметтік қордың төрағасы лауазымына тағайындалып, тізгінін қолына алған Болат Жәмішевтің қазақ тілін жетік меңгермегеніне назар аудартады.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Юрий Пя сайланған.

Екіншіден, "араларында бір рет болса да алаңға шыққан адам жоқ". Бұл пікір Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері тарапынан да айтылды.

Үшіншіден, ол қатарда жастардың өкілдері жоқ. Ал наразылық шараларына басым көпшілігінде жастар шыққаны мәлім. Демек жастардың мұң-мұқтажын мен қажеттіліктерін нақты түсінетін, осы іспен көптен айналысып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген нақты жетекшілер, жастар көшбасшылары болғаны жөн.

Төртіншіден, қазақстандықтар қордың Қамқоршылық кеңесі құрамына кірген кейбір адамдардың "қолы мен ары таза еместігін" қаперге салып, олардың қоғам сеніміне ие бола алмайтынын әрі мұндай адамдарды мол қаржы тасқынын үлестіруге қатыстырмаған жөн екенін қаперге салуда.

"Бұл қайраткерсымақтардың арасында ұзақ жылдар бойы "Самұрық-Қазынаның", бюджеттің ақшасын жұмсағандар бар, олардың қызметінде мөлдірлік жоқ, қорды басқаруға жібермес бұрын алдымен олардың өзін және солар ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына жүзеге асырған жобаларды жақсылап тексеріп алған жөн еді" дейді қазақстандықтар.

Бесіншіден, "бұлардың көбі ұлттың үнін жеткізушілер емес, үкіметті қолдап жүргендер" деген пікір айтылуда. Демек кеңес мүшелерінің ел алдындағы бедел-ажары, "абыройсыздық багажы" қорға да теріс әсер етіп, қоғам сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес.

"Қазақстан халқына қорының халық деген тек атауы ғана қалды..." дейді қазақстандықтар.

Алтыншыдан, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде пікір қалдырған азаматтар "Қазақстан халқына" аталған қордың мамандары болмағанымен, ең құрыса Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің кандидатурасы халық талқысына салынуға, қажет болса, ел болып дауыс беру арқылы сайлануға тиіс еді деп жазуда.

Пікір білдірушілер әсіресе, Аружан Саин, Арманжан Байтасов, Қайырбек Сүлейменов, Ирина Смирноваға қатысты көңілдері толмайтынын айтып жатыр.

"Менің ойымша, алдымен "Қазақстан халқына" қорының Қамқоршылық кеңесінің функцияларын, немен айналысатынын жариялау керек еді. Содан кейін халық арасында тездетіп онлайн сауалнама жүргізіп, жұрттың осы қор жетекшілігінде қандай тұлғаларды көргісі келетінін білуі қажет еді. Әр кандидаттың жинаған дауысына қарай оны құрамға қосса, бұл әділ болатын еді. Әйтпесе, билік тағы да бұрынғы қателігін қайталап, түсіндірусіз-ақ, жұртқа тек қабылданған шешімін таңып отыр. Қоғам дәл неге осы адамдардың таңдалғанын, олардың елге не еңбек сіңіргенін білмейді", – дейді консультант Ғалия Әбдікова.

Мысалы, бейресми дерек бойынша "Қазақстан қорына" Қамқоршылық кеңесінің мүшелері өз жұмысы үшін жалақы алмайды. Бірақ бұл ресми түрде айтылмағандықтан, халық оған сенбейді. "Миллиардтардан өз қалтасына да салып қойса, кім тексереді? Қоғамдық мәртебелі қорды тексеру Есеп комитетінің құзырына кірмейді ғой" дейді қазақстандықтар.

Жалпы бұл қордың немесе айналысатынын Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында айтып берген болатын.

"Бүгін мен "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруға тапсырма беремін. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Мысалы, сирек дерттері бар балаларға көмек деген сияқты. Себебі отбасылардың көпшілігі емдеу шығындарын көтере алмайды. Қалаларда, аудандарда, ауыл-кенттерде балаларға арнап, спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға жәрдем көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыға қорқынышты трагедиядан кейін ес жиып, еңсе тіктеуге көмектесеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан полицейлердің, әскерилердің отбасыларына да қолдау осы қордан көрсетіледі.

Қ. Тоқаев бұл Президенттің, Үкіметтің немесе әлдебір меморганның қоры еместігін қадап айтты. Бұл – "барша қазақстандықтардың, халықтың қоры болады". Оның қызметіне Президент Әкімшілігі де, Үкімет те араласпайтын көрінеді. Бар ісіне жетекшілік ету "беделді қамқоршылық кеңеске" жүктелетіні, "адал да жауапты басшы тағайындалатыны", қор қызметінің толық айқындылығы, есептілігі және қоғам бақылауы қамтамасыз етілетіні уәде етілген.  

Қордың жоспары, бюджеті, жобалары оның сайтында жарияланбақ. Әзірге оның сайты да жоқ. Ақша болса, лек-лек жиналуда. Қазіргі кезде Қазақстанның ауқатты тұлғалары, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар жапа-тармағай осы қорға миллиардтар аударуда. Сондай-ақ Үкімет, меморгандар, квазимемлекеттік сектор бір күнгі жалақыларын жолдады.

Қор жекеменшік те, мемлекеттік те қаржы көздерінен толығады.

Бұдан бөлек, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражаты тартылмақ.

Бұған қоса, "Сәтті жұлдыз" лотереялық қызмет операторының, букмекерлердің Бәсті есепке алу орталығының, тіпті әртүрлі монополистердің міндетті аударымдары бюджетке емес, осы қорға бағытталатыны мәлім болды. Президент бұл қорға әр жақтан, әр қаржы көзінен бір реттік емес, тұрақты түрде, ұдайы ақша аударылатынын мәлімдеді.

Айтқандай, осы қорға қатысты қызықты ойды саяси ғылымдардың докторы, саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев айтты. Ол "Эхо Москвы" ресейлік ірі радиостанциясына сұхбатында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың "Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялардың тобы және тіпті халықаралық өлшем бойынша шалқыған бай саналатын адамдардың қабаты пайда болғанын", "сондықтан олардың Қазақстан халқына тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санайтынын" мәлімдегеніне назар аудартты.

Үкімет қазір қандай компаниялар аталған қорға ай сайын қанша көлемде жарна төлеп тұратынын анықтауға кірісіпті. Президент алапат байлығы бар, бірақ көлеңкеде жасырын жүрген тұлғалар да осы іске белсенді қатысады деп күтетінін нақты айтты.

"Тоқаев Мәжілістегі сөзінде "Біз – Жаңа Қазақстанды құрамыз!" деп айтты. Ол халық арасында кең талқыланып жатқан өте қуатты қадам жасады. Атап айтқанда, Қ. Тоқаев Елбасы жүргізген реформалар арқасында миллиардерге айналған тұлғалар мен топтарға үндеу жасады: қор құрып, шетелге әкетілген ақшаның елеулі бөлігін халыққа қайтаратын кез жеткенін қатаң ескертті. Қор қаражаты тек Алматыны қалпына келтіруге ғана емес, халық тұрмысын көтеруге, елді дамытуға да жұмсалады", – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Ендеше әңгіме Ұлттық қор секілді миллиардтаған доллар жиналатын жаңа әрі алпауыт қордың құрылуы жайында болып отырғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу