"Қазақстан халқына" қорының сараңдығы елді таңғалдырды

12297

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде Отан мен мемлекеттілікті қорғау жолында қаза тапқандардың отбасыларына азғантай ғана қаржы бермек.

"Қазақстан халқына" қорының сараңдығы елді таңғалдырды

"Қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін, 11 қаңтарда Мәжілістің отырысына қатысып, елге қайырылған Президент Қ. Тоқаев "Қазақстан халқына" атты арнайы қоғамдық, әлеуметтік қор құратынын жариялады: "Осы қордың қаражатынан біз қаза тапқан полицейлердің және әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз!", – деді Мемлекет басшысы.

Осы көмекті ол отбасылар ұзақ – екі ай күтті. Нәтижесі не болды?

"Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге ақшалай төлем жасауды бастағанын хабарлады. Атап айтқанда, қоғамдық қор Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне – қаза тапқан 19 және ауыр жарақат алған 106 қызметкердің отбасы мүшелеріне көмек ретінде материалдық төлемдерді төлеуге кірісті.

"Төлемдер осы меморгандардан түскен ресми тізімдер негізінде беріледі. Бұл санаттағы жәбірленушілерге арналған төлемнің жалпы сомасы 451 миллион теңгені құрайды. Бұған дейін Қамқоршылық кеңес қордың басқармасына қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілердің отбасыларына, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне белгіленген сомаларды төлеуді тапсырған болатын", – деп хабарлады "Қазақстан халқына" қоры.

Бұл ретте әлгі сома тәртіпсіздіктер, радикалды топтардың шабуылдары кезінде басын бәйгеге тіккен орган қызметкерлерінің отбасыларына орта есеппен 3,6 миллион теңгеден ғана келеді.

Нақтылай кетсек, қордың мәліметінше, опат болған тәртіп сақшыларының отбасыларына 7 миллион теңгеден төленбек. Бұл мақсатта 133 млн теңге бөлінеді.

Ал жараланғандарға 3 млн теңгеден аударылады. Бұл мақсатта 318 млн теңге ғана қарастырылыпты. Айта кету керек, бұл қоғамдық қорда мемлекет 150 миллиард теңгедей қаражат жинауды жоспарлап отыр.

Тәртіпті қорғау жолында шейіт болғандарға күтілгеннен аз ақы төленетіні құқық қорғау қызметкерлері арасында ащы сын, пікірталас тудырды. Негізсіз емес.

Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресей Украинадағы соғысында қаза тапқан барлық әскерилерінің отбасыларына 7,4 миллион рубльден (39,3 миллион теңгеден астам) – бір жолғы жәрдемақыны және сақтандыру төлемін төлеп жатыр. Бұған қоса, отбасыларының әрбір мүшесіне ай сайын ақшалай өтемақы беріледі. Сондай-ақ 5 миллион рубль (26,5 млн теңгедей) қосымша төлем аударылады. Ал жараланғандарына 2 миллион 968 мың рубль бір жолғы жәрдемақы, егер мүгедек болып қалса – ай сайынғы ақшалай өтемақы белгіленді.

Бұдан бөлек, әрбір өңір өз бетінше 500 мың не 1 млн рубль көлемінде жергілікті бюджеттен өтемақы енгізуде.

"Қазақстан халқына" қоры бір реттік өтемақы ғана жасайды, одан ай сайынғы көмек қарастырылмаған.

Тәртіпті қорғаушылар қорғауға зәру

Айтқандай, дәл осы қор бейберекетсіздіктер кезінде көз жұмған немесе жарақат алған бейбіт тұрғындарға да тиісінше 7 және 3 млн көлемде бір жолғы өтемақы жасауға міндеттелген. Бірақ "азаматтық құрбандарға" төлеуге асықпайды. Ол адамдардың не себепті көшеге шыққаны, қылмысқа қатысының бар-жоқтығы тексерілетін көрінеді.

"Қордың Қамқоршылық кеңесі адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің – омбудсмендердің қорға ұсынған тізімдеріндегі кездейсоқ зардап шеккен азаматтардың өлімінің мән-жайын құзырлы органдармен бірлесіп пысықтауды тапсырды. Қор уәкілетті меморгандардан тиісті ресми мәліметтер алғаннан кейін осы санаттағы қаза болғандардың туыстарына төлемдер жасайды", – деп түсініктеме берді қордың баспасөз қызметі.

Жалпы елімізде тәртіп сақшыларының жете қорғалмағаны бұрыннан айтылып келеді. Олар тіпті зейнеткерлікке шықса, өте аз зейнетақыға қанағат қылуға тура келеді.  

Айталық, АҚШ-та полицейлердің орташа зейнетақысы ай сайын 4,5 мың долларды (2,3 миллион теңген) құрайды. Америкада әскерилер де, полиция қызметкерлері де 20 жыл жұмыс істегеннен кейін зейнетке шыға алады. Ал бізде тіпті дискриминация жасалуда екен.

"Мен ішкі істер органдарының зейнеткерімін. 60 мың теңге ғана пенсия аламын. Бірақ мен сияқты басқа зейнеткер-сержанттар 150 мың теңге зейнетақы алады. Себебі әрқайсымыз әр жылдары әртүрлі айлықақымен шыққанбыз. Атағымыз да, еңбек өтіліміз де бірдей. Соған қарамастан, зейнетақы көлемі әрқилы, бір-бірінен тым алшақ. Бұл мәселеге жауапты органдардан тиісті бақылау жасалмай, аяғы осылай болды. Бұл қалай? Бір елге қызмет еттік. Бәріміз де нарықтағы қымбатшылықтан бірдей зардап шегудеміз. Салынатын салық та бірдей. Біздің құқымыз бұзылуда. Аз алатындарға қосып, бір шара жасау керек", – дейді сала ардагері Жүсіпбек Құрасбек.

Билік не дейді?

ІІМ-нің түсіндіруінше, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" жалпыға ортақ заңға сәйкес жүзеге асырылады. Жеке заңнама қарастырылмаған.

"Заңның 65-бабының 3-тармағына сәйкес, ІІО қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру үшін ескерілетін ақшалай қамтылым мөлшері қызметтен шығарылған күні айқындалады. Ол соңғы қызмет орны бойынша тиісті органның белгіленген үлгідегі анықтамасымен расталады. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі бұл сержанттарға 50% мөлшерінде (жалпы еңбек өтілі 25 жыл үшін 50%) қызметтен босатылған күнге белгіленген ақшалай қамтылымнан белгіленеді: 76 097 теңге (лауазымдық жалақы) + 18 175 теңге (арнайы атағы үшін қосымша ақы) = 47 136 теңге сомасында тағайындалды. 2019-2022 жылдары зейнетақы өсірілді: 2020 жылғы 1 қаңтарда 7%-ға, 2020 жылғы 1 сәуірде 5%-ға, 2021 жылғы 1 қаңтарда 7%-ға, 2022 жылғы 1 қаңтарда 7%-ға артты. Зейнетақының осылай өсуін ескерсек, олардың зейнетақы төлемінің мөлшері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 633 теңгені құрады", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.

Ведомство мәліметінше, ІІО қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің ақшалай қамтылымының артуына байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін қайта есептеу көзделмеген.

Іс басындағы полицейлердің айлығы да аз. 2022 жылы учаскелік полицейлердің жалақысы 30%-ға, олардың көмекшісінің айлығы 7%-ға көтеріліпті. Соның өзі мардымсыз.

"Президент тапсырмасымен 2019 жылдан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен жоғарылатудамыз. 2023 жылы қызметкерлеріміздің жалақысы 50-90% аралығында артады. Нәтижесінде, сержанттардың жалақысы 81 мыңнан 101 мың теңгеге, лейтенанттардың жалақы – 130 мыңнан 174 мың теңгеге дейін өседі", – деп мәлім етті ІІМ.

Бұл өсімді қазірден-ақ девальвация "жеп" қоюда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу