Қазақстан халқының 15%-ы ғана ипотекалық несие рәсімдей алады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16823

Ел азаматтарының айлығы шайлығынан артылмайды.   

Қазақстан халқының 15%-ы ғана ипотекалық несие рәсімдей алады

Үкімет "Нұрлы Жер", "7-20-25", "Баспана-хит", "Орда" сынды бірнеше ипотекалық бағдарламаны жүзеге асырып жатса да, елімізде біреулердің босағасын жағалап жүргендердің саны алдын ала жоспарлағандай күрт кеміген жоқ. Себебі екінші деңгейлі банктер жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың 42%-на ғана ипотекалық несие береді. Бұл – Қазақстан халқының 15%-ы ғана.  

Ел азаматтарының басым бөлігі кредитор-банктердің қатаң талабын орындай алмайды. Көбінесе адамдардың табысы банк талабына сай келмейді. Статистика комитетінің дерегінше, осыдан бір ай бұрын ел аумағында тұрғын үйдің 1 шаршы метрі шамамен 265,7 мың, сәйкесінше бір бөлмелі 35,5 шаршы метр үйдің құны 9 млн 432 мың теңге болған. Алғашқы 20% жарнасын (1 млн 886 400 теңге) төлеген соң 25 жылға несиеге берілетін үйдің қалған 80%-ы 7,5 млн теңге болады. Бұл ақшаны қарыз алушы ай сайын 7%-бен 53 мың теңге төлеп, қайтарып отырады. Бір қарағанда көп сома емес сияқты, алайда халықтың басым бөлігі осының өзін өтей алмайды. Өйткені бұл қарызды ай сайын төлеп отыру үшін қарыз алушы кем дегенде 106 мың теңге табыс табуға тиіс. Өкінішке қарай, халықтың дені мұндай табыс таппайды.

Статистика комитетінің мәліметінше, жалданып жұмыс істейтін қазақстандықтардың 49,3%-ы 105 мың теңгеге жетер жетпес ақшаны талғажау етеді. 8,2%-ы 105-120 мың аралығында айлық алса, 42,5%-ы 180 мың теңгеге әупірімдеп қол жеткізеді. 18 млн халықтың 9,2 миллионы ғана еңбекке жарамды. Оның ішінде 8,7 миллион адам жұмыс істейді, қалған 440 мыңы жұмыссыз.

Соңғы кезде ел азаматтары 6 трлн теңгеге дейін несие рәсімдегені ресми мәлімделіп жүр. Бұл жерде көрсетілген соманың негізгі бөлігі  тұтыну несиесі екенін атап көрсету керек.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу