Қазақстан халықаралық теннис аренасындағы өз орнын нығайтты

1960

2007 жылдан бері еліміздің 16 облысында 344 теннис корты салынған екен.

Қазақстан халықаралық теннис аренасындағы өз орнын нығайтты

Халықаралық теннис федерациясының жыл сайынғы жалпы жиналысы өтті. Оған 155 елдің өкілдері қатысты. Жиында дауыс беру өтіп, Қазақстан жеті ұпай жинады. Енді біздің еліміз ықпал ету деңгейі бойынша ITF-те Хорватия, Сербия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея және Таиланд сияқты мемлекеттермен тең болады. Осылайша, Қазақстан теннистің жалпы даму деңгейі бойынша әлемнің 20 үздік елінің қатарына ресми түрде енді. Еліміздегі теннис ойнайтын адамдар саны, салынған корттардың саны, ұлттық құрамалардың нәтижелері, соның ішінде Олимпиада ойындарындағы, "Дэвис кубогі" мен "Билли Джин Кинг" кубогінде командалық жарыстардағы ойыншылардың өнерін ескере отырып, бағалау нәтижелері бойынша ITF директорлар кеңесі осындай шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатының (Дэвис кубогі) ¼ финалына алты рет, соңғы рет осыдан бірнеше күн бұрын жолдама алған болатын. Еліміздің әйелдер құрамасы әлемдік деңгейде өнер көрсетеді. Токиода өткен Олимпиадада қазақстандық теннисшілер еліміз үшін рекордтық сегіз лицензия ұтып алса, Елена Рыбакина үздік төрттік қатарына енді. Бұл жетістіктердің барлығы теннисті дамытуға сіңірген федерацияның еңбегін халықаралық қауымдастықтың мойындауы болып табылады.

Осы орайда ҚТФ вице-президенті Юрий Польский 2007 жылдан бері теннис федерациясының атқарған жұмыстарын қорытындылады.

"Қазақстан әлемдегі ең мықты теннис державаларымен қатар келеді. Бұл ретте еліміздің теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың қосқан үлесі зор. Ол 2007 жылдан бері өз қаражатынан тек қазақстандық теннисті ғана емес, әлемдік теннисті дамытуға 100 миллион долларға жуық қаржы құйып үлгерді. Қазақстанның барлық ірі облыс орталықтары мен қалаларында теннис орталықтары салынып, қазіргі таңда олардың барлығы жұмыс істеп тұр. Бұл біздің балаларымызға теннис ойнауға мүмкіндік береді. Корттардың көбеюі және теннис инфрақұрылымына қатаң бақылау орнату, сондай-ақ корттарды жалға алу бағасының 2007 жылы 50-70 доллардан 2021 жылы 4-12 долларға (аймаққа байланысты) дейін айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Сонымен қатар басқа елдермен ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біз ұйымдастыратын турнирлерге алыс және жақын шетелдерден ойыншылар келеді. Барлығы жарыстардың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтеді. Бізде жарыс күнтізбесі айтарлықтай үлкен. Ересектер арасында да, 12, 14, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында да көптеген халықаралық турнирлер өткіземіз. Мұның барлығы теннистің бұқаралық сипатқа ие болуы үшін жасалып жатыр. Ең бастысы бұл жұмыстар мүмкіндігінше балаларымыздың көп теннис ойнап, олардың әрқашан өз мақсаттарына жететін, өзіне сенімді және Қазақстанды табысқа жетелейтін өз елінің лайықты азаматтары болып өсуіне бағытталған", – деді ҚТФ вице-президенті Юрий Польский.

Қазіргі таңда 3 000-нан астам болашағынан зор үміт күттіретін балалар тегін теннис ойнайды. Ал 30 000-нан астам балалар мен ересектер Республикамыздың барлық қалаларында орналасқан түрлі теннис клубтарына тұрақты түрде барады. ҚТФ баспасөз қызметі хабарлағандай, корттардың жалпы саны 2007 жылдан бері 6 есеге өсіп, еліміздің барлық аймақтарында халықаралық деңгейдегі 37 теннис орталығы салынды. Корттардың көбеюі және теннис инфрақұрылымына қатаң бақылау орнату корттарды жалға алу бағасының айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Еліміздің 16 облысында 344 корт салынды. Мұның барлығы еліміздің теннистен әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан 20 мемлекет қатарына қосылуына айтарлықтай әсер етті.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу