Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатында Мажарстанға есе жіберді

263

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы үшінші ойынын бүгін Мажарстанға қарсы өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатында Мажарстанға есе жіберді Фото: championat.com

Қарсыластар элиталық дивизионда алғаш рет кездесіп отыр. Қазақстандық хоккейшілер үздіктер қатарында 5-ші жыл қатарынан сынға түсіп жатса, мажарстандық ойыншылар олардың қатарына биыл қосылды.

Қазірге дейін құрамалар бірінші дивизионда бұған дейін 9 мәрте шеберлік байқасты. Оның 8-інде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберді.

Кездесу барысында мажарстандық құрама сапынан Янош Хари небәрі 15-секундта есеп ашса, Иштван Тербоч 18-минутта басымдықты арттыра түсті.

Екінші кезеңнің 34-минутында қазақстандық Никита Михайлис есеп айырмасын қысқартты.

Үшінші кезеңде мажарстандық хоккейшілер жылдам 2 гол соғып кетті. Алдымен Вильмош Галло 41-минутта мергендік танытса, Петер Винце 43-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 59-минутында қазақстандық Валерий Орехов есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша, ел құрамасы қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнап жатыр. Қарсыластары – Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу