Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты 9-25 мамыр аралығында Швецияның Стокгольм және Данияның Хернинг қалаларында өтеді.
Бұл Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өтетін 88-ші әлем біріншілігі болмақ.
Хернинг қаласы B тобының ойындарын қабылдайды. Бұл топқа Чехия, Швейцария, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия, Қазақстан және Венгрия құрамалары кіреді. Сонымен қатар, Хернингте ширек финалдың төрт ойынының екеуін өткізу жоспарланған.
Барлық ойындар Хернингтегі 12 000 көрерменді сыйдыра алатын Jyske Bank Boxen аренасында өтеді.
Қазақстан құрамасы B тобында өнер көрсетіп, өз ойындарын Хернинг қаласында өткізеді. Атап айтқанда, 17 мамыр күні Қазақстан Чехиямен, ал 18 мамыр күні АҚШ құрамасымен кездеседі.
20 мамырда топтық кезең аяқталған соң, әр топтағы үздік төрт команда ширек финалға жолдама алады. Жартылай финал, 3-орын үшін матч және финалдық кездесу Стокгольмде өтеді.
Бұл Дания тарихындағы екінші әлем чемпионаты болмақ. Алғаш рет даниялықтар бұл турнирді 2018 жылы қабылдаған. Ұйымдастырушылар жанкүйерлерге, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін көрермендер үшін ұмытылмас атмосфера сыйлаймыз деп уәде беріп отыр.
Бапкерлік штаб алдағы әлем чемпионатына қазақстандық хоккейшілер арасынан ең үздіктерін іріктеп алды. Соңғы тізімге 25 хоккейші – 3 қақпашы және 22 ойыншы енді:
Қақпашылар:
– Жәлел-әд-Дин Әмірбеков ("Магнитка", Магнитогорск, ЖХЛ)
– Сергей Кудрявцев ("Арлан", Көкшетау)
– Максим Павленко ("Рязань – ВДВ", Рязань, ЖХЛ)
Қорғаушылар:
– Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Тамирлан Ғайтамиров, Артём Королёв (бәрі – "Барыс", Астана, ҚХЛ)
– Дмитрий Бреус ("Торпедо", Нижний Новгород, ҚХЛ)
– Леонид Метальников ("Адмирал", Владивосток, ҚХЛ)
– Эдуард Михайлов ("Арлан", Көкшетау)
– Валерий Орехов ("Металлург", Магнитогорск, ҚХЛ)
Шабуылшылар:
– Әлихан Әсетов, Дінмұхамед Қайыржан, Батырлан Мұратов, Максим Мұхаметов, Алихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Роман Старченко (барлығы – "Барыс", Астана, ҚХЛ)
– Владимир Волков ("Арлан", Көкшетау)
– Вячеслав Колесников ("Номад", Астана)
– Артём Лихотников ("Хумо", Ташкент)
– Никита Михайлис ("Металлург", Магнитогорск, ҚХЛ)
– Евгений Рымарев ("Юнисон", Мәскеу, ЖХЛ)
– Аркадий Шестаков ("Адмирал", Владивосток, ҚХЛ)