Швеция құрамасы осымен екі рет қатарынан 5:0 есебімен жеңіліп отыр. Қазақстанмен өткен ойынның алдында Чехияға қарсы шығып, тура осындай есеппен ұтылған еді. Енді міне Қазақстан құрамасы да скандинавиялықтардың қақпасына жауапсыз 5 шайба салып отыр.
Әрине бұл команданы түсінуге болады. Швецияның негізгі қақпашысы Дэниел Хэнсеннен басқасы Швецияның 2-3-дивизиондарында өнер көрсетіп жүрген студенттер. Ал Хэнсен Дания чемпионатының жоғарғы лигасында ойнап жүрген голкипер. Ол өзінің мықты қақпашы екенін дәлелдеді десе де болады. Егер оның орнында тәжірибесі төмен қақпашы тұрғанда, Чехия, Қазақстан сынды мықты командалардан 30-40 шақты шайба жіберіп алар еді. Ал оның қақпасына екі ойында бас-аяғы 10 ғана гол соғылды. 100-ден аса соққы жасалғанын есепке алар болсақ, бұл өте жақсы көрсеткіш.
Қазақстанмен болған ойында Дэниел Хэнсеннің қақпасына бірінші голды Кирилл Савицкий салды, осы голдан кейін бірінші кезеңнің соңына дейін біздің жігіттер швед қақпашысын әбден әуреге салды. Қаншама шайба дарытуға мүмкіндік болды, бірақ Хэнсен жарады. 18-минутқа дейін біздікілер соққыны қарша боратса да, шайба кірмей қойды. Тек соңғы екі минутта ғана форвардымыз Ярослав Евдокимов әупірімдеп жүріп екінші голды салып кетті. Оның өзінде ойыншылардың басымдығының көмегімен, шведтер 4 ойыншымен қалған сәтті жігіттер ұтымды пайдаланды.
Үзілістен кейін матч тіпті қиындады. Шведтер қалайда турнирдегі алғашқы голын соғуға асықты, бірақ қорғаушыларымыз оларға еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп екінші кезеңнің соңына дейін екі команда алма-кезек шабуылдаумен болды. 36-минутта Константин Савенков есепті 3:0-ге жеткізді . Ойын соңында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алексей Анциферов: "Біздің бүгінгі матч өте ауыр болды. Қытаймен болған ойыннан кейін Швецияға қарсы ойнау қиынға соқты, деміңді басып алуға уақыт болмады. Біз тек үшінші голды соққанда ғана көңіліміз жайланды", – дейді.
Ал Швеция құрамасының бас жаттықтырушысы Горан Тарнлунд: "Қазақстан хоккейшілері бізге қарағанда шапшаңырақ қимылдады, шайбаға талас кезінде олардың жылдамдығы көрініп тұрды. Дегенмен менің командам олардан нашар ойнады деп айта алмаймын. Бізге қалайда бірінші болып есеп ашу керек болды, сол себепті бірінші кезеңде асығыстық танытып, қарсыласымызға гол соғуға мүмкіндік беріп қойдық. Бұдан кейін сақ ойнаймыз деп біраз уақыт жоғалтып алдық. Әттең, егер біз бірінші гол салғанда, мүмкін матч басқаша өрбуші ме еді?!", – деп күрсінді.
Расында қай спортты алсаң да, кім бірінші гол соқса, жеңіске деген құлшыныс, сенімділік пайда болады. Егер шведтер біздің қақпаға бірінші гол салғанда, біздің жігіттер қандай халде болар еді? Әйтеуір бұл ойында біздің бабымыз да, бағымыз да шауып тұрды.
Құрамамыздың шабуылшысы Алексей Анциферовтың айтқанындай-ақ болды, соғылған 3-шайбадан кейін жігіттер еркін қимылдап, матч соңында тағы екі гол салып кетті. Антон Сағадеев 50-минутта көзге түссе, матчтың аяқталуына 3 минут қалғанда біздің үздігіміз Дмитрий Гренц ойынға нүкте қойды (5-0).
Сөйтіп Қазақстан құрамасы "А" тобында мерзімінен бұрын бірінші болып ширек финалға жолдама алды. 2 ақпан күні бізде тағы бір ойын бар. Қазақстан-Чехия, Швеция-Қытай. Қазір Чехия мен Қытай өзара мықтыны анықтап жатыр.
"А" тобы
Жанат Қалықов