Қазақстан IBA рейтингінде көш бастады

1228

Жаңа жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Ел құрамасы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) рейтингінде бірінші орында!

Қазақстан IBA рейтингінде көш бастады Фото: kfb.kz

IBA рейтингінде барлығы 135 ұлттық федерация боксшылары ұсынылған. Қазіргі таңда былғары қолғап шеберлеріміздің есебінде - 48 100 ұпай бар. Өзбекстан боксшылары екінші орында – 37 600 ұпай. Үздік үштікті Үндістан боксшылары түйіндеп тұр – 36 300 ұпай.

IBA рейтингі боксшылардың өнер көрсеткені үшін жинаған ұпайларының  жиынтығы нәтижесінде жасалады. Азия чемпионатының алтыны боксшыларға – 1200 ұпай, күміс – 900, қола – 700 ұпай жинауға мүмкіндік береді.

Қараша айында Амманда өткен бокстан Азия чемпионатына дейін АҚШ құрамасы IBA рейтингінде көш бастаған еді. Иордания астанасында бокстан өткен XXXII Азия чемпионатында биыл 27 елдің (181 еркек пен 86 әйел) былғары қолғап шеберлері сынға түсті. Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде, жалпы есепте 1-орын алды. Боксшыларымыз барлығы 21 жүлде, оның ішінде 6 алтын, 7 күміс пен 8 қола жеңіп алған болатын. Нәтижесінде осы жарыстан кейін жыл қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) рейтингінде көш бастады. Енді алда былғары қолғап шеберлері Әлем чемпионатында өзара мықтыны анықтайтын болады.

Биыл бокстан әлем чемпионаты 2023 жылдың 1-14 мамыры аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтеді деп жоспарланған. Алдағы әлем чемпионатында рекордтық жүлде қоры болады. Жалпы жарыстың жүлде қоры 5,2 миллион долларды құрайды. Алтын медаль иегерлерінің әрқайсысы 200 000 доллардан, финалға шыққандар 100 000 доллардан, қола жүлдегерлер 50 000 доллардан алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу