Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, сенімді серіктес деп біледі – Қасым-Жомарт Тоқаев

497

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді.

Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, сенімді серіктес деп біледі –  Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, екі елдің әнұрандары орындалды. Одан кейін президенттер келіссөз залына барды.

– Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта "Көрші тату болса – құт" деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы – ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұқсас. Ықпалдастығымыз ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ елі әрдайым Иранды қолдайды, арамызда ешқандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мәселе жоқ. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, Үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалуда, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл – әрине, өте жақсы жетістік. Бірақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет. Мен 3 жыл бұрын Иранға ресми сапармен барып қайттым. Бұл сапарымның нәтижесінде ықпалдастығымыз тың серпінмен дами бастады деп айтуға болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орайлы мүмкіндікті пайдаланып, Иранның Жоғары көсемі, аятолла Әли Хаменеиге сәлемін жолдады.

Масуд Пезешкиан қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осы сапар қорытындысы бойынша екіжақты байланыстар тың серпін алатынына сенімді екенін жеткізді.

– Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын, – деді Иран Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу