Қазақстан қаптаған ескі қарулар мен әскери ұшақтарын сатып жатыр

10277

Бір жеңіл көліктің бағасына әскери әуе көлігін сатып алуға болады.

Қазақстан қаптаған ескі қарулар мен әскери ұшақтарын сатып жатыр Фото: old.russianplanes.net

"Қазарнаулыэкспорт" (Казспецэкспорт) Электрондық сауда алаңында есептен шығарылған әскери және басқа техникаларын саудаға қойды.

Айтпақшы, бірқатар ақпарат құралдары "Қорғаныс министрлігі қару-жарақтарын сатуда" деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жүр. Шынында, Қорғаныс министрлігінің ондай құзыры жоқ. Әскери мүліктерді "Қазарнаулыэкспорт" республикалық мемлекеттік кәсіпорны сатып жатыр, ал ол азаматтық шенділерге – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетіне бағынады.

Компанияның сайтында жазылғандай, оны "ҚР Үкіметі Қарулы күштерді, басқа әскерлерді және жауынгерлік құралымдарды қамтамасыз ету мақсатында құрды және кәсіпорын қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар әскери мүлік импорты мен экспорты бағыттарында жұмыс жасайды".

Сонымен, саудаланатын техникалар әскери бөлімдердің, Қорғаныс министрлігінің аумақтық қорғаныс істері департаменттерінің меншігінде тұрғаны хабарланды. Алушылардан өтініш 19 наурызға дейін қабылданады.

Мүліктің үлкен бөлігі кеңес заманынан қалған көне көліктер, мысалы, ВАЗ, ГАЗ, ЗИЛ және басқа да жеңіл, жүк көліктері болып келеді.

Небәрі 83 мың теңгеге КО-75, КП-20М, МК-10 сияқты майданда қолданылатын далалық асүйді сатып алуға болады.

Немесе 785 мың теңгедей қаржыға ЯМЗ-238, 375, ЗИЛ-135 ЛМ, ЗИЛ-131, Урал-375, ГАЗ-66 көліктеріне арналған 14 қозғалтқышты алу ұсынылды.

Бұдан бөлек, Талдықорғанда орналасқан әскери бөлімнің 389 дана байланыс құралы, рациялары кем дегенде 3,5 млн теңгеге өткізілмек. Өзге де әскери бөлімдердегі, мысалы, Жетігендегі әскери бөлімнің 10 дана байланыс құралының бағасы аукционда 162 мың теңгеден басталады.

Ерекше лот та бар. Қарағандыдағы әскери бөлімнің жақын навигациядағы "РСБН-4Н В" радиолокациялық жүйесі 3 миллионнан астам теңгеге саудаға қойылды.

Мысалы, 9 бірлік техникадан тұратын лоттардың арасында траншеялар мен окоптарды механикалық қазуға арналған машиналар, артиллериялық тягачтар базасындағы бульдозер, экскаватор кездеседі. Бастапқы баға 8,3 миллион теңгеден басталады.

Бағалау туралы есептерде көрсетілгендей, сатылымға шығарылған барлық дерлік техника негізінен 1980 жылдардың соңында зауыттан шығарылыпты. Фотосуреттерінен байқалғандай, жай-күйлері нашар, шаң басқан, тозған. Тіпті 1970 жылдардың басында жасалып, жарты ғасырдай қызмет еткендері де "ұшырасады".

Дегенмен, 1998 жылы өндірілген жаңалау нұсқаларынан да арылғалы жатқанын байқауға болады.

Бірақ лоттарда ұсынылған бүкіл техника "қанағаттанарлықсыз" жағдайда деген баға алған. Сондықтан ең әрі дегенде өзі тектес техникаларды жөндеу үшін запастық бөлшектерге жарайды, әйтпесе, метал сынығы ретінде утилизацияға тапсыруға тура келеді.  

Дәл қазір мүліктері саудаға қойылған әскери бөлімдер негізінен, Алматы облысында, Тараз, Талдықорған, Қарағанды қалаларында орын тепкен.

Осының алдында Orda.kz Қазақстанның жойғыш ұшақтарды жаппай сатуды жалғастырып жатқанын хабарлады. Олар Кеңес одағы кезеңінде өндірілген.

Өзге, соның ішінде ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстан Үкіметі бірден 117 әскери әуе көлігін сатуға қойды. Олардың арасында 70-80-ші жылдары шығарылған Су-27, Миг-29 көп мақсатты, төртінші буындағы жойғыш ұшақтары және Миг-27 "бомбалаушы истребителдері" бар.

Биылғы наурызда МиГ-31 жылдамдықтан жоғары (сверхзвуковой) тұтқыш ұшақтарының 10 бірлігі аукционға ілікті. Олардың барлығы 1986 жылы жасалған және Семейдегі №65229 әскери бөлімінің балансында тұр.

"Атап өтетін жайт, бұл жойғыш ұшақтардың бәрі тек қана метал сынығына бөлшектеуге жарамды. Оның үстіне, лоттардың сипаттамасында айтылғандай, сатып алушы оларды жөндеп, майдан даласына аттандырмауға, керісінше, утилизациялауға тиіс", – деп жазады ақпарат құралдары.

Бір белгілісі, ұшақтардың түрлі датчиктері, редукторлары, басқару блоктары, бақылау пункттері жоқ. Олардың қайда кеткені туралы мекеме тіс жармады. Әрине, ұшақтарда авиабомбалары да болмайды, олар тек жауынгерлік дайындық жағдайына келтірілген жойғыш ұшақтарға және тек ұшар алдында бекітілетіні мәлім.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, аталған объектілер баланс иегерінің аумағында утилизациялау арқылы жойылуға тиіс. Бағаланып отырған объектілердің техникалық жай-күйін және бірегейлігін ескере отырып, оларды запастық бөлшектің көзі ретінде және басқа да мақсаттарға пайдалану мүмкін болмайды", – делінген бағалау туралы есепте.

Сатып алушылар бүкіл әскери техниканы өз күшімен утилизациялауға және соңына келісімде көрсетілген шарттардың орындалғаны туралы есеп беруге тиіс.

Бұдан бұрын ақпарат құралдары әскери ұшақтарды өткізуге арналған 4 лотты тапты. Олардың қожайындары – Қарағанды облысындағы №50185, Шымкенттегі №55652, Семейдегі №54835 және Алматы облысындағы №65229 әскери бөлімдер.

Ұшақтардың жалпы құны – 1,9 миллиард теңгедей болды. Алайда қатысушылар қызығушылық таныта қоймағандықтан, барлық дерлік аукцион бірінші жолы өтпей қалды.

Тек Қарағанды облысындағы №50185 әскери бөлімінің 11 истребителі 58 млн теңгеге сатылып кеткені анықталды.

Ашық көздердегі деректер бойынша өткізіліп жатқан ұшақтардың әуеге көтерілмегеніне көп болыпты, қоймаларда шаң басып жатқан. Осы себепті, бағалаушылар олардың қару-жарақ нарығы белгілейтін нарықтық бағасын емес, мүліктің утилизациялық құнын белгілеген.

"Қарау кезінде анықталғандай, бағалауға ұсынылған ұшақтар пайдалануға жарамсыз жағдайда, моральдық тұрғыдан ескірген және оларды модернизациялау экономикалық тұрғыдан орынсыз. Тиісінше, ұшақтарды есептен шығарып, метал сынығына тапсыру барынша оңтайлы", – деген байлам жасалған бағалау туралы есепте.

Жалпы, былтырғы мамыр айында да жалпы құны 212 млн теңге (сол кездегі бағаммен 443,4 мың доллар) тұратын бірнеше ескі әскери ұшақ саудаға шығарылды.

Оның арасында 1982 жылғы ЯК-18Т 5,6 млн теңгеге немесе небәрі 11,7 мың долларға, 1990 жылы жасалған екі АН-28 ұшағының әрқайсысы 31 млн теңгеден (64,8 мың доллардан) сатылды. Олар Ақтөбе қаласындағы Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының меншігінде болған.

Былтырғы қазан айында "Қазарнаулыэкспорт" әскери бөлімдердің кеңес заманында шығарылған жойғыш және бомбалаушы ұшақтарын аукционға табыстады. Әңгіме 1975-1989 жылдардың 81 ұшағы туралы болып отыр. Олар таяуда атауы Алатау болып өзгертілген Жетіген кентіндегі №65229 әскери бөлімінің аумағында тұрған.

Сонда саудаға негізінен МиГ-27, МиГ-29 истребителдері, Су-24МР тактикалық барлау ұшақтары, Су-24 планерлері шығарылды. Олардан қозғалтқыштары мен борттық блоктары алып қойылыпты. Сатып алу шарты ретінде әскери бөлім аумағынан әкетпей, сол жерде кесіп, утилизациялау талап етілді.

"Қазарнаулыэкспорт" дерегінше, 26 қазанға белгіленген сауда "өтпей қалды" деп танылды. Сондықтан әрі қарай бағасы екі есе арзандатылған.

ҚазТАГ мәліметінше, Қарағанды облысындағы әскери бөлімнің тағы 11 әскери ұшағын – 230,5 миллион теңгеге, Семейдегі әскери бөлімнің 10 ұшағын – 358,3 миллион теңгеге, Шымкенттегі әскери бөлім 15 ұшағын – 194,8 миллион теңгеге бұлдады.

Осы жаңалықтар аясында Қорғаныс министрлігінің: "Ақтаудағы сарбаздар қолда бар құралдардан жауынгерлік машина құрастырды" деген хабары әскердегі инноваторлар үшін қуанту орнына, көңілді жабырқатады.

Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, "Батыс" өңірлік қолбасшылығындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының мерзімді қызметтегі сарбаздары робототехникадан машықтарын көрсетуде.

"Олардың шығармашылық жұмысының жарқын көріністерінің бірі ретінде қолда бар құралдардан жауынгерлік машина жасауын айтуға болады. Туынды авторлары – 10 ай бұрын Түркістан облысынан шақырылған 2-ші шабуылдау батальонының механик-жүргізушілері қатардағы жауынгерлер Баттал Османов пен Юсуф Парманқұл", – деп таныстырды министрлік.

"Взводтардың жауынгерлік атыстары аяқталған соң батальон командирі досым екеуімізге: "Қашықтан пилотсыз басқаратын жауынгерлік машина құрастырыңдар!" деді. Сызбасын жасап, импровизациялап, қолға түскен материалдардан машина жасауға кірістік. 2 апта кетті. Машинаға біздің батальонның "Барыс" деген аты берілді. "Бронды машинаның" салмағы шамамен он келі, басқару пульті бар 7,62 мм ПКТ отшашармен жабдықталған. Отшашар 360 градусқа бұрылады. Максималды қозғалыс жылдамдығы – сағатына 10-15 шақырым. Болашақта оны жетілдірсек деп отырмыз, мүмкін граната атқышты орнатып, шассиді күшейтіп, жылдамдықты арттыратын шығармыз", – деді Баттал Османов.

Мұндай дарынды инноваторларды мемлекет өз қамқорлығына алып, жобаларын қолдаса жөн. Олай болмаған соң қаншама өнертапқышымыз көшіп кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу