Қазақстан киберспортта №1-ші!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3090

Қазақстан командасы жаһандық киберспорт жарысында жеңімпаз атанды.  

Қазақстан киберспортта №1-ші!

Тарихта алғаш рет Қазақстан командасы жаһандық киберспорт ойындарында жеңіске жетті. Бұл туралы кешелі бері шетелдік салалық ақпарат құралдары жарыса хабарлауда.

Қазақ еліне жеңіс әкелген ақырғы жекпе-жектің трансляциясын ғаламтор бойынша бүкіл әлемнің әр атырабынан бір мезгілде 1 миллион 864 мың 604 көрермен тамашалаған.

Қазіргі кезде дағдарысқа байланысты ірі қалалардың өзінде үлкен көлемі жабылып қалды, бірақ әнеу жылдары компьютерлік клубтар саны жөнінен Қазақстан қалалары әлемде алдына көп қара сала қоймайтын. Олардан келер пайда шамалы деген байлам біздің қоғамда кең таралған. Өйткені бұл клубтардың көбі жертөлелерде орналасқан әрі ішінде сыз, тер және басқа да иістердің қоспасынан тұратын күлімсі иістер қолқаны қабатын. Оған кейбір қызба ойыншылардың аузынан төгілетін былапыт сөздер қосылады.

Оның үстіне көптеген мектеп оқушылары оқудан әртүрлі сылтаулармен жалтарып, осы клубтарда компьютерлік ойындар ойнауға кетіп қалады. Олар ойынға берілгені сонша, түннің бір уағына дейін немесе тіпті бірнеше күнге сол жақта жоғалатын көрінеді. Салдарынан кейбір ата-аналардың "баласы жоғалғаны" жөніндегі дабылға ден қойған тәртіп сақшылары оларды сол орындардан тапқан кездері де болыпты. Нәтижесінде, ел парламенті арнайы заң қабылдап, кешкі он бірден кейін кәмелетке жасы толмағандардың компьютерлік клубтарда отыруына тыйым да салды. Бұл заң талабының бұзылуына тосқауыл қою үшін құқық қорғау органдары дүркін-дүркін рейд өткізуге мәжбүр.

Дегенмен, қалауын тапса, мұны кәсіпке, бизнес көзіне айналдыруға да болады екен. Енді компьютерлік ойындарға еліккен балалардың "кумирі" де табылды.

Қазақстандық Counter Strike ойыншылары тұңғыш рет әлемдегі ең бір беделді әрі "ежелгі" турнир "PGL Major Krakow" чемпионатының жеңімпаздары атанды. Бұл ретте жаһандық жекпе-жекті дүниежүзіне таратқан HLTV шетелдік порталы мэйджордың ең құнды ойыншысы деп "AdreN" лақап атымен танылған Дәурен Қыстаубаевты таныды.

Отандық Gambit Esports командасы финалда Бразилиядан келген, аты жаһанға танымал Immortals ("өлмейтіндер") ұжымын 2:1 есебімен ұтып, 500 мың доллар көлеміндегі басты жүлдені қанжығалады. Өз кезегінде бразилиялық командаға күміс жүлде мен 150 мың доллар берілді.

"Былтырғы жылы ғана құрылған біздің Gambit командамыз халықаралық сайыста "жеңеді-ау" дегендердің қатарында саналмады. Сондықтан букмекерлер оны ықтимал аутсайдерлер қатарына жатқызды және біздің ойыншылар чемпионаттың басында-ақ ұшып кетеді деп санады. Финал шынында күрделі болып шықты. Бірінші матчта Гамбиттіктер бразилиялық Immortals-қа 4:16 (Cbble) есебімен жол берді. Бірақ келесі екі кезеңдерді (Train және Inferno) біздің ойыншылар өз ұпайына жазды. Қорытындысында, қазақстандық команда әлемдегі ең бір беделді киберспорт жүлдесін жеңіп алды", –  деп хабарлады ойыншы Әмір Қасенов.

Gambit Esports бүкіл турнир бойы тек екі матчта ғана қарсыласына ұпай алғызған. Біріншісі "аңыз" деген мәртебесі бар даниялық Astralis командасының еншісінде кетсе, екінші шегініс әлгінде айтылғандай финалда орын алды. 

"PGL Major Krakow 2017" әлемдік сайысы 16-23 шілде аралығында Польшада өтті. Киберспорт жарысының жүлделік қоры 1 миллион долларды құраған.

Gambit Esports командасының ойыншысы, 27 жасар Дәурен "AdreN" Қыстаубаев спорттың осы түрінің жанкүйерлерін тәнті етті. Шабысынан жаңылмайтын аламан арғымағы секілді оның әр жекпе-жек сайын тұрақты түрде жоғарғы рейтингін сақтауы және ашқан фрагтарының саны (әр раундта – 0,17) Дәуреннің осы саладағы "ең құнды ойыншы" атануына негіз болды. Сонымен бірге бұл Дәуреннің салқынқандылық, ептілік, қырағылық, шаршауға төзімділік секілді қабілеттерінен хабар бергендей.

Дәурен Қыстаубаев жеңіп алған қомақты қаржыны бизнес жобаға жұмсап, кәсіпкерге айналу ниеті барлығын жария етті. Ол ойын алдында: "Егер біз осы мэйджорды ұтып алсақ, мен қымыз өндіретін шағын зауыт ашатын боламын!" деп хабарлады Twitter арқылы.

Қазақстан командасы құрамына Дәурен Қыстаубаев (AdreN), Данило Тесленко (Zeus), Михаил Столяров (Dosia), Рустем Телепов (mou) және Абай Қасенов (Hobbit) кірді.

Дәурен алғашқы ойындарда қуатты қарсыластар тарапынан күшті қысымды сезінгенін айтады. Кейін компьютердегі майдан даласындағы жойқын соққыларға төтеп беріп, тойтарыс жасап, қарсы шабуылдауға төселіп алған. Ағылшын тілді шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында бастапқыда өздеріне үйреншікті әдіс-тәсілдерді қолданғандарын, бірақ олардың "титандар" шайқасында жұмыс жасамайтынын түсініп, тактика мен стратегияны өзгерткендерін айтады. "Біз мұнда мол тәжірибе жинақтадық, өзімізге деген сенімділік те артты. Мен жартылай финал алдында өзімді жабырқаңқы сезіндім, жүйке сыр берсе керек. Бірақ команда бойынша жолдастарыма рахмет, солардың қолдауымен ойынды өз қолымға алып, жеңіске жеттік",-деді Д.Қыстаубаев.  

Марапаттау салтанатында алтын медальды қолына алған Дәурен "Арманым орындалды!" деп мәлімдеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу