Қазақстан клубтарына қажет емес қазақтарға Қытай қызығып отыр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2910

Шайбалы хоккейден Қытай клубы бірнеше қазақ хоккейшісін өздеріне шақыртып отыр.

Қазақстан клубтарына қажет емес қазақтарға Қытай қызығып отыр Фото: hcbarys.kz

Ресей лигаларында (Құрлықтық хоккей лигасы мен Жоғарғы хоккей лигасында) өнер көрсететін клубтарымыз ұлты қазақ хоккейшілерге аса қызықпай келді. Әрине, деңгейі жоғары жігіттерімізді алады. Бірақ әлеуеті жоғары жігіттерімізге мүмкіндік беріп, шыңдап шығуға уақыт пен мүмкіндік таппайтын еді.

Өздеріңіз білесіздер, біздің елден Ресейдегі Құрлықтық хоккей лигасында елорданың "Барыс" клубы ойнайды. Ал Жоғарғы хоккей лигасында "Сарыарқа" (Қарағанды) және "Торпедо" (Өскемен) клубтары бақ сынайды. Үшеуіндегі қазақтар санын санап шығуға бір қолымыздың саусақтары молынан жетіп артылады.

Нақтырақ айтқанда, өткен маусымда "Барыс" сапында Әлихан Әсетов қана тұрақты түрде ойнады деуге болады. Мадияр Ибрайбековті маусым аяғындағы соңғы матчта ғана көрдік. "Торпедо" құрамында Талғат Жайлауов нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүрді. Ал "Сарыарқа" сапынан ешбір қандасымызды көрмедік.

Қызық болғанда, биылғы маусым аралығында, Қытай клубы қазақ хоккейшілеріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Мәселен, шабуылшы Мақсат Ибраев көрші елдің "Ценг Тоу" деген клубымен келісімшартқа отырды. Енді Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасында өнер көрсететін осы ұжымның намысын қорғайды.

Осы келісімшарттан кейін, аталмыш Қытай клубы қазақтарды бірінен соң бірін шақырта бастады. Бірақ бәрі де сынақтан өтуге кетті. Ұнатса, олармен де келісімшартқа отырулары әбден мүмкін. 22 жастағы қорғаушымыз Әнуарбек Тәнімов та "Ценг Тоу" клубы сапына шақыртылды. Содан соң, олар Америкадағы әр түрлі лигаларда ойнап жүрген жас хоккейшілерімізді тауып ала бастады.

Бұл ретте, АҚШ-тың батыс штаттары лигасында ойнап жүрген, Қостанай тумасы, 20 жастағы шабуылшы Темірлан Скендіров (Ескендіров болуы да мүмкін) "Ценг Тоу" клубына шақырту алды. Іле-шала 19 жастағы қорғаушы Дінмұхамед Жанғарашев та осы командаға шақыртылды. 20 жастағы шабуылшы Азат Тұрсынханов та Қытайға мұхиттың арғы жағынан барды.

19 жастағы шабуылшымыз Әмір Әділжанов "Ценг Тоу" клубына өз елімізден шақыртылып отыр. Осы клубқа жақында ғана кеткен 22 жастағы шабуылшы Дидар Түспеков те былтыр Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен. 23 жастағы шабуылшымыз Қайсар Аманов кезінде еліміздің жасөспірімдер арасындағы құрамасында намысымызды қорғаған. Бәрінің де техникалық көрсеткіштері жаман емес.

Биыл Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасына бізің ел "Номад" клубын қосып отыр. Енді осы төрт клубымыздағы ("Барыс", "Сарыарқа", "Торпедо" және "Номад") қазақ хоккейшілерінің жалпы саны Қытайдың "Ценг Тоу" клубы сапындағы қандастарымыздан да аз болып шықса, мүлде таң қалмаймыз. Дәл қазір солай сияқты да.

Десек те, Қазақстан хоккей федерациясының және аталған төрт клубтың басшылары ойланар деп үміттенеміз. Бәлкім, намыстары оянар. Әйтпесе, дәл қазір "Ценг Тоу" сапында алты қазақ ойнап жүр. Рас, олардың бесеуі сынақтан өтеді. Клуб бапкерлеріне ұнаса, қалып қалады. Қалмағанда не істейді, біздің деңгейі жоғары клубтарымыз оларды өз құрамдарына маңайлатар емес.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу