Қазақстан клубтарының жеребесі жеңіл түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1637

Футболдан Еуропа кубоктарының алғашқы екі сатыдағы жеребесі тартылып, төрт клубымыздың қарсыластары белгілі болды.

Қазақстан клубтарының жеребесі жеңіл түсті

Чемпиондар лигасы – "Астана" Юрмалаға барады

"Астана" футбол клубы 2017/2018 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасын екінші іріктеу сатысынан бастайды. Қарсыласы – Латвияның "Спартак" (Юрмала) командасы. Бірінші ойын 11 немесе 12 шілде күні Астанада, ал қарымта матч 17 немесе 18 шілде күні Балтық жағалауында өтеді.

Бір қызығы, қазір Юрмаланың "Спартагында" "Астананың" бұрынғы қақпашысы Абылайхан Дүйсен бар. Ал елорда клубының қазіргі бетке ұстар ойыншыларының бір Патрик Твумаси дәл осы Юрмала командасынан келген. Сондай-ақ, осыдан бірер жыл бұрын Сергей Гридин мен Ринат Хайруллин осы ұжымда ойнаған.

Ашығын айтайық, "Спартак" (Юрмала) – осалдау команда. Бұл клуб 2007 жылы ғана құрылған. 2012 жылдан бері өз елінің Жоғарғы лигасында ойнайды. Былтыр тұңғыш рет Латвия чемпионы атанды. 2016 рет өз елінің кубогында финалға дейін жеткен. Ауыз толтырып айтарлықтай басқа жетістіктері жоқ.

Еурокубок додаларына үшінші рет қатысқалы отыр. Бұған дейін екі жыл Еуропа лигасында бақ сынап көрген. Алдыңғы жылы екінші, ал былтыр бірінші іріктеу сатысында сүрінген. УЕФА-ның клубтық рейтингісіндегі коэффициенті – 1,975. Өте төмен, әрине. Ал "Астананың" мұндай көрсеткіші – 16,800.

Еуропа лигасы – үшеуіне өздерімен деңгейлес командалар түсті

Еуропа лигасының да бірінші және екінші кезеңдегі жеребесі тартылып, үш командамыздың қарсыластары белгілі болды. Бірден айтайық, біздің клубтарымызға осалдау және өздерімен деңгейлес ұжымдар тап болды.

Әрине, Еуропа лигасында осал қарсылас болмайды. Десек те, бәрі де – тайталасуға болатын командалар:

Еуропа лигасы. Бірінші електік кезең:

"Қайрат" (Алматы) – "Атлантас" (Клайпеда, Литва) – 29.06.17 және 6.07.17

"Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) – "Ордабасы" (Шымкент) –  29.06.17 және 6.07.17

"Ертіс" (Павлодар) – "Дунав" (Русе, Болгария) – 29.06.17 және 6.07.17

Еуропа лигасы. Екінші електік кезең:

"Қайрат"/"Атлантас" (Клайпеда, Литва) – "Скендербеу" (Албания)/"Сан-Хулиа" (Андорра) – 13.07.17 және 20.07.17

"Абердин" (Шотландия) – "Ордабасы"/"Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) – 13.07.17 және 20.07.17

"Ертіс"/"Дунав" (Русе, Болгария) – "Црвена Звезда" (Сербия)/"Флориана" (Мальта) – 13.07.17 және 20.07.17

Өкініштісі, "Ордабасы" жанкүйерлері өз клубтарын Шымкентте көре алмайды. Оңтүстікқазақстандықтардың стадионы Еурокубок талаптарына сай емес. Сондықтан бұл команда "үйдегі" ойындарын Алматыда өткізеді.

Енді, "біздің клубтарымызға осалдау және өздерімен деңгейлес ұжымдар түсті" деген сөздерімізді тараштап шығуға тырысайық. Бұл ретте, тағы да УЕФА-ның клубтық рейтингісіндегі әр команданың коэффициенттерін көлденең тартамыз. Әуелі өз клубтарымыз:

"Қайрат" – 5,550

"Ордабасы" – 4,050

"Ертіс" – 3,550

Енді осы үшеуінің қарсыластары:

"Црвена Звезда" (Сербия) – 7,325

"Скендербеу" (Албания) – 6,800

"Абердин" (Шотландия) – 6,785

"Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) – 3,550

"Дунав" (Русе, Болгария) – 3,175

"Атлантас" (Клайпеда, Литва) – 1,825

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу