Қазақстан қоғамы ел бюджетінің қайда кетіп жатқанына бей-жай қалпында қалды

6228

Хоккей – Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржыландырылатын екінші спорт.

Қазақстан қоғамы ел бюджетінің қайда кетіп жатқанына бей-жай қалпында қалды Фото: canva.com

Елдегі барлық хоккей клубтары үшін ел қаржысы есебінен алып мұз айдындары салынды. Астанада – "Barys Arena", Алматыда – "Almaty Arena", Қарағандыда – "Қарағанды-Арена" ("Сарыарқа" клубы үшін), Павлодарда – "Астана мұз сарайы" ("Ertis" клубының қожайындық аренасы), тағы сол сияқты. Оларды ұстап тұруға да жеке бюджеттік бағдарлама аясында қыруар қаражат шығындалады.

2023 жыл қорытындысында облыстық және қалалық әкімдіктер Pro Hokei Ligasy ұлттық лиганың клубтарын ұстап тұру үшін жалпы сомасы 12,9 миллиард теңгеге контракт бекітіпті. Мұндай қаржыландыруды тіпті Олимпиадада алтын әкелетін спорт түрлері армандай алмайды.

Бұл ретте қазақстандық хоккей әлемдік аренаға шықпайды, Олимпиадада жүлде дәметпек түгіл, оған лицензия да алуға қабілетсіз. Салдарынан, оның ең жоғарғы шыңы – Ресейдің Континенталды хоккей лигасына (КХЛ) қатысумен шектелген.

Соған қарамастан, мысалы, Ақмола облысы шайбалы хоккейге басқа барлық спорттан, тіпті футболдан көп бюджет қаражатын шығындайды. 2022 жылы жергілікті әкімқаралар "Арлан" клубымен 3 жылға контракт бекітті. Бұған жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге шығындамақ. Осылайша, жергілікті спорт саласына бөлінген барлық бюджеттің 55,9%-ын бір ғана хоккей жеп қояды.

Егер қысы қарлы Ақмола өңірі басқа қысқы спорт түрлерін басымдықты дамытқанда, оның өрендері қысқы Олимпиадаларда ел намысын абыроймен қорғар еді. Енді өзге өңірлер соның үлгісіне еріп, хоккей клубтарымен бірден 3 жылдық контракт бекітуде. Қазақстан чемпионаты клубтарының ішінде жалғыз "Торпедо" ғана мемлекетке масыл болып отырған жоқ: шығысқазақстандық хоккей командасын "Қазмырыш" металлургиялық компаниясы асырауда.

Ашық дереккөздер бойынша, өзге хоккей клубтарының бюджеті келесідей:

·      "Бейбарыс" (Атырау) – 3,996 млрд теңге (2023 жылы спортқа бөлінген өңірлік барлық бюджеттік шығынның 21,7%-ы);

·      "Арлан" (Көкшетау) – 3,459 млрд (55,9%);

·      "Ақтөбе" (Ақтөбе) – 1,180 млрд (27,4%);

·      "Сарыарқа" (Қарағанды) – 1,096 млрд (15,9%);

·      "Номад" (Астана) – 740,2 млн (17,8%);

·      "Құлагер" (Петропавл) – 725 млн (20,7%);

·      "Горняк" (Рудный) – 643,2 млн (21,1%);

·      "Алматы" (Алматы) – 577,7 млн (3,13%);

·      "Ертіс" (Павлодар) – 577,3 млн (18,1%).

Бұл ретте елдегі ең бір бай хоккей клубы – "Барыс" саналады. Оның бюджеті кейбір деректер бойынша (мамандандырылған спорт басылымдары) 4 миллиард теңгеге дейін барады. Sports.kz "Барыстың" тек жалақыға ғана 2,5 миллиард теңге шығындайтынын жазды.

Ресейлік Sport-express басылымы "Барыстың" канадалық қақпашысы Эдвард Паскуалеге 65 миллион рубльдей (357,5 теңгедей) жалақы төлегенін жазады. Астаналық клуб онымен хош айтысты және контрактіні бұзу үшін тағы 82,5 миллион теңгедей өтемақы төлеген көрінеді. Өзгелерінің де жалақысы тіпті депутаттар қызыға қарайтындай көлемде.

Халықаралық ақпарат құралдары "Барыстың" басы бәлеге қалғанын жарыса жазуда. Өйткені өз отанында сексуалды зорлық жасағаны үшін айыпталып жатқан канадалық хоккеист Майкл Маклауд аталған қазақстандық хоккей клубына көшіп жатыр.

Басылымдардың жазуынша, хоккей әлемі халықаралық аренаға шыққан ірі жанжалдан жаны түршігуде және бұл жолы жаһандық дау-дамайдың эпицентріне астаналық "Барыс" топ ете түсті. Әлемдік медиада кең резонанс туғызған бұл секс-скандалдың дүмпуінің қуатты болғаны сонша, соның кесірінен канадалық хоккейден ірі демеушілер тегіс қашып кетті. Беделін былғап алмау үшін солай жасады. Шетелдік сарапшылардың байламынша, беделі онсыз да төмен "Барыс" абыройдан айрыламын деп қорықпайтын болса керек.

Дегенмен, канадалық шабуылдаушының астаналық клубқа ауысуы тек сарапшылардың ғана емес, жанкүйерлердің де наразылығын туғызды. Олар улап-шулап көшеге шықпағанымен, әлеуметтік желідегі топтарында сөзбен төмпештеуде. Оны "еститін мемлекет" көрінбейді.

Осы орайда канадалық хоккей журналисті Алан Адамс қазақтардың мұндай трансферден арланбағанына таңғалды.

"Сот түпкілікті үкім шығарып, кінәлі деп танығанға дейін ешкімді де айыпты деп атауға болмайды, бірақ жағдай төтенше алаңдатарлық. Салдарынан, қазақстандық "Барыс" хоккей клубы салмақты скандалдың тура ортасында қалды. Хоккейшілердің қылмысқа баруы бірінші рет емес. Канадада хоккейшілердің қылмыстарының құрбандарына өтемақы төлейтін арнайы қор да құрылды. Жалпы, "Барыстың" бұл әрекеті ойыншының көшуіне қатысты моральдық сұрақтарды тудырды", – дейді Алан Адамс.

Адамс бұл салада сондай-ақ, IIHF, Ресейдің хоккей федерациясы және оның КХЛ-ы арасындағы қарым-қатынастарға қатысты саяси дау-жанжалдар да үстемеленіп отырғанын меңзеді. Бірақ Қазақстанға қатысты басты сұрақ жауапсыз қалыпты: "Барыс" неге ар-ұжданына дақ түскен, беделі жанжалмен бүлінген ойыншымен аяқ астынан контракт бекітуге барды?

Егер сот Маклаудтың және Канада жастар хоккей лигасының басқа ойыншыларының кінәсін дәлелдесе, оның салдарлары өте ауыр болуы мүмкін. "Барыс" халықаралық қоғамдастық тарапынан айыпталып, тіпті санкцияларға ілігуі ғажап емес. Ол жағдайда, сала сарапшыларының байламынша, зорлықшыға пана берген астаналық клубтың да, бүкіл Қазақстан хоккей лигасының да беделіне нұқсан келеді.

Оқиғаның мәнісі мынадай: Канаданың жастар хоккей лигасының 5 хоккейшісі 20 жасар қызды топтық зорлады деп айыпталып жатыр. Полиция оларға дереу өз еркімен келіп, құқық қорғау органдарына берілуді талап етті. Бұл кезде ол ойыншылар мерзімсіз демалыс алу сылтауымен өз командаларын тастай қашқан.

Оқиға былай өрбіген: 2018 жылы Канаданың хоккейден жастар құрамасы өз тарихында 17-ші рет әлем чемпионы атанды. Салтанатты жеңістің шаттығын зұлымдық іс бұзды. The Athletic хабарлауынша, жарты жыл өткенде Канаданың Онтарио провинциясындағы Лондон қаласында хоккейшілердің жаһандық жеңісіне арналған гала-кеш өтеді. Канаданың "алтын құрамы" қатысқан қайырымдылық кешіне чемпиондарды ұлықтауға ірі демеушілер, алпауыт бизнесмендер жиналады, жеңімпаздар атына көп-көп мадақ айтылады. Чемпионаттан кейін тынығып оралған, бірі-бірімен қайта табысқан хоккейшілер қызыл паласпен жүріп өтіп, танымал адамдармен фотоға түседі, 19 жасқа толғандары ішімдік ішеді.

Содан кеудесі көріктей боп күмпиіп, дандайсыған жас хоккейшілер қолына түскен 20 жасар қызға бас салып, мас қылып, зорлаған. Зардап шеккен бойжеткен – Батыс университетінің 18 жасар студентінің айтуынша, ол көңілі құлаған ойыншылардың бірімен қонақүйде оңашаланады. Сол кезде бөлмеге тағы жеті хоккейші баса-көктей кіріп, зорлық-зомбылық жасапты. Бастапқыда істің насырға шапқанын түсінген қыз кетіп қалудың амалын жасайды. Алайда апайтөс жігіттер оны күштеп арақ-шарап ішкізіп, мас қылған-мыс.

Бірінші рет зардап шегуші болған жайды 2022 жылы хабарлайды. Кейін Онтарионың Жоғарғы сотына талап-арыз түсірген. Сонда ойыншылардың кінәсін дәлелдей алмаған. Тараптар бітімге келіп, қыз талап-арызын кері қайтарып алған.  

Енді бұл істе жаңа бетбұрыс пайда болды. Бүгінде қылмыстық істің фигуранттарының саны 8 емес, бесеу. NHL (АҚШ пен Канаданың ұлттық хоккей лигасының) ойыншылары Картер Харт, Кэл Фут, Майкл Маклауд, Диллон Дюбе, сондай-ақ Швейцарияда ойнап жүрген Алекс Форментон тергеуге ілікті. Олардың бәрі демалыс алып, клубтарынан тайып тұрған. Періштедей пәк болса, табанын жалтыратпас еді.

Жалпы, Канада мен Қазақстан арасында қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім жоқ. Оның үстіне Қазақстан халықаралық деңгейге шықпайды, ресейлік КХЛ-мен шектелген. Қашқын Майкл Маклаудтың Қазақстанды таңдауына да сол ықпал етсе, таңданбауға болады.

Тергеу жалғасуда. Ойыншылар және олардың өкілдері жағдайға түсініктеме беруден ат-тондарын аша қашты. Бұрын олар секс-жанжалға қандай да бір қатысы барып үзілді-кесілді жоққа шығаратын. Бұл ретте Nj.com порталы Маклаудқа сілтеме жасап, оның тергеумен ынтымақтастық жасауға дайын болғанын хабарлады.

Шетелдік басылымдар "Нью-Джерси" клубында ойнаған Майкл Маклаудтың өрлеуі кездейсоқ болғанына назар аудартады: жарақат салдарынан оның командасы қос бірдей жетекші орталық шабуылдаушысынан – Нико Хишир және Джек Хьюздан айрылып қалады. Бұл Маклаудқа жетекші буынға жол ашқан.

Адвокат-криминалист Ник Кейк The London Free Press сұхбатында хокккейшілердің "қаруды сақтау тыйымын бұзғаны" үшін жазалануы мүмкін екенін жеткізді.

Маклауд жыныстық зорлықтың екі эпизоды бойынша айыпталуда. Дереккөздердің хабарлауынша, сот процесі тек 2025 жылғы сәуірде басталуы және кем дегенде екі айға созылуы мүмкін. Салдарынан, Маклауд пен оның "қылмыстастары" НХЛ-дың келесі маусымына қатыса алмайды. Қазақстанға ауысуының бір себебі де сол болса керек.

Бұл оқиғадан Канаданың хоккей федерациясы қатты зардап шекті. Hockey Canada-дан Nike, Chevrolet, ірі Scotiabank банкі, Tim Hortons асханалар желісі, Canadian Tire бөлшек сауда желісі, TELUS телекоммуникациялық компаниясы сияқты ірі демеушілерінің барлығы теріс айналды. Тіпті Квебек пен Онтарионың өңірлік федерациялары да бас федерацияға өз хоккейшілерінің жарыстарға қатысқаны үшін алым төлеуін доғарды.

Қоғам федерацияны болған оқиғаны жасырып келгені және құрбанға моральдық өтемақыны құпия төлеп отырғаны үшін айыптауда. Масқара болғанда, құрбанға компенсация канадалық салық төлеушілердің есебінен бөлінген. Айтпақшы, егер Маклауд "Барыс" атынан ойнай бастаса, оған жалақы енді қазақстандық салық төлеушілер қалтасынан төленбек. Ал, танымал "жұлдыздар" мен блогерлердің аяқ басқан ізін аңдып әлек болған Қазақстан қоғамы ел бюджетінің қайда кетіп жатқанына бей-жай қалпында қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу