Қазақстан қор биржасының қарқыны қандай?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7495

Сауда-саттықтың жиынтық көлемі кеміп жатыр.    

Қазақстан қор биржасының қарқыны қандай?

Қазақстан қор биржасы (KASE) 2019 жылғы биржалық нарықтың қорытындысын шығарып, сауда-саттықтың жиынтық көлемі 118,14 трлн теңгені құрағанын жариялады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7,6 %-ға  немесе 9,71 млрд теңгеге кем көрсеткіш.

Есептік кезеңде қайталама нарықтағы акциялардың да көлемі көңіл көншітпеген. Акция көлемі 62,3%-ға қысқарып, 203,6 млрд теңгеге төмендеген. Ал мемлекеттік бағалы қағаздардың алғашқы нарықтағы көлемі 69,5%-ға немесе 539,2 млрд теңгеге азайып, 1,4 трлн теңгені құраған.

Шетел валюталарының нарығындағы сауда-саттық көлемі 11,1 трлн теңгеге тең болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,1%-ға немесе 2,3 трлн теңге аз көрсеткіш.

Ақша нарығындағы жағдай да мәз емес екен. Мұндағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 101,7 трлн теңге жетіп, 2019 жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға немесе 7,8 трлн теңгеге төмен болған. Репо операцияларының жиынтық көлемі 72,7 трлн теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 4,2 %-ға немесе 3,1 трлн теңгеге қысқарған. Ал валюталық своп операцияларының жиынтық көлемі 2018 жылғы 33,6 трлн теңгеден 2019 жылы 29 трлн теңгеге дейін азайған.

Белгілі болғандай, 2019 жылы валюталық своп операциялардың басым бөлігі доллар-теңге жұбы арқылы жасалған. 2018 жылы да осылай болған.

Рубль-теңге жұбының валюталық своп операциясы 2018 жылғы 219,5 млн теңгеден 2019 жылы 174,5 млн теңгеге немесе 20,5%-ға қысқарған.

Айта кетейік, KASE Орталық Азия аймағындағы жетекші қор биржасы саналады. Ол бағалы қағаздармен сауда-саттық жасау көлемі бойынша ТМД қор биржаларының арасында екінші, ал FEAS қор биржаларының арасында нарықтық капиталдандыру деңгейі бойынша алтыншы орынға орналасқан.

KASE – әмбебап сауда-саттық алаңы ретінде танылған. Себебі мұнда репо нарығының құралдары, шетел валюталары, мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы институттарының облигацияларына қатысты қаржылық операциялар атқарылады. Бүгінгі таңда Қазақстан қор биржасы 2019-2021 жылдарға арналған даму стратегиясын темірқазық тұтып отыр. Аталмыш құжатта келесі жылға дейін бағындырылуға тиіс белестер белгіленген. Әзірше Қазақстан қор биржасының жоғарыдағы көрсеткіштері даму стратегиясының жоспарына кіріге алмай тұр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу