Қазақстан көрші елдердің суына тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр

760

Қазақстан Су кеңесінің отырысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қазақстан көрші елдердің суына тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр Фото: canva.com

Бүгінгі таңда Қазақстанның су қоры 102,3 текше шақырымды құрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның 54 пайызы ел аумағында қалыптасады, ал қалған 46 пайызы көршілес елдерден келеді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды (оның 65 пайызы ауыл шаруашылығына, 25 пайызы өнеркәсіп қажеттіліктеріне) құрайтынын атап өтті.

Жалпы, түгендеу нәтижелері бойынша елімізде 17 736 өзен және уақытша су ағындары, 4 024 көл, 4 540 жерасты су кен орындары, 13 175 су шаруашылығы құрылымдары бар.

Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді.

Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шараларды қамтиды.

Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін – 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік суының жыл сайынғы шығынын 3 текше шақырымға азайтып, 55 мыңнан тұрғыны бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25 пайызға төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар 9 облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл қосымша 74 мың гектар суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, 70 мың тұрғыны бар 64 елді мекенді су басу қаупін азайтады. Ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, суару арналарын цифрландыру, Қ. Сәтбаев атындағы стратегиялық каналды жаңғырту жұмыстары және т.б. жүргізілетін болады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін салуға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Бұл 2026 жылға қарай оңтүстік өңірлерде су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жер көлемін 42 пайызға (613,6 мың га) дейін ұлғайтуға және 1,5 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жоспарланған іс-шараларды іске асыруға отандық компанияларды, оның ішінде құрылыс материалдарын өндірушілерді белсенді тарту, ал тұтынылатын су көлемін анықтау үшін ғарыштық мониторинг технологияларын дамытуды жалғастыру қажет екенін жеткізді.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы саласында суды тиімді пайдалану.

"Біз жыл сайын 150 мың гектар суармалы алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізуге тиіспіз. Қазір жылына 40-50 мың гектар ғана қамтылуда. Бұл ретте, су тапшылығынан ең көп зардап шегіп отырған оңтүстік өңірлерде үнемдеу технологияларын енгізу көлемі жеткіліксіз. Жыл соңына дейін су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандырудың нақты тетіктерін әзірлеу қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы көптеген мәселенің шешімін таппай отырғанын атап өтті. Олардың қатарында Ұлттық гидрогеологиялық қызметті құру, "Қазсушар" РМК-ны реформалау, Каспий теңізінің проблемалары бойынша институт құру, сондай-ақ суаруға арналған тарифтерді бекіту бойынша, жерді гидромелиорациялау және жерасты суларының мониторингі бойынша функцияларды беру, жалпы су саласын цифрландыру мәселелері шешілмеген. Осыған байланысты Үкімет басшысы аталған бағыттардағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу