Билік "оқсыз қаруды" реттеуге кірісті. Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретіндіктен ел Президенті тиісті заңнамалық түзету әзірлеуге тапсырма беріпті.
Өйткені мамандар "охолощенное оружие" деп атайтын және бос патронмен (холостой) ататын қарулар елімізде еш реттелмейтін болып шықты. Салдарынан, олар шекара сыртынан бері тасылып, кейін шын оқтармен ататын нағыз қаруға айналдырылуы мүмкін.
"Оқсыз атылатын қару немесе охолощенное оружие дегеніміз – атысты имитациялау үшін тек қана жарық-дыбыс әсері бар патронмен, бос патронмен ататын жай-күйге келтірілген атыс, ұңғысыз атыс, газды, тіпті травматикалық патрондармен ата алатын газды қару. Ресей Федерациясында оқсыз қару айналымы реттелмейді. Қазақстанда енді қарудың осы түрін сатып алуды, елге әкелуді, сатуды, сақтауды заң жүзінде реттеу ұсынылып отыр. Сондай-ақ оны жасырын жолмен, контрабандамен әкелгені, оның айналымда болу ережелерін бұзғаны үшін жаза белгілеу көзделеді", – деді ІІМ.
Бұған дейін осы қару түрі ойын-сауыққа арналған экспонат саналып келді. Мысалы, танымал бейнеойындардағы ойдан шығарылған бластер және басқа қару үлгісінде металдан қару жасалады немесе шын жауынгерлік қаруды жарамсыз жағдайға келтіріп, өзгертіп алады. Нәтижесінде, тек атыстың дыбысын имитациялайтын және жарықпен белгі беретін ойын қаруы пайда болады. Ол кино түсіру және театрландырылған қойылым қою кезінде жиі қолданылады.
"Білуімше, Қазақстанда оқсыз қару жасалмайды. Мен бұл жерде мектептерде пайдаланылатын макеттерді айтып тұрған жоқпын. Қарудың бұл түрі Ресейде жеке цехтарда құрастырылатын немесе негізінен Украинадан тасылатын. Уикипедия және ғаламтордағы ашық дерек көздеріне жүгінсек, көршінің кәсіпорындары арасында Ресейдің Киров облысындағы "ООО "Молот армз" жауапкершілігі шектеулі қоғамы оқсыз қаруды жаппай өндіруге кіріскен. Кейбір сарапшылар бұдан қауіптеніп те отыр. Себебі, компания өз өнімдерін мәдени және білім беру мақсатында пайдалануға арналған деп жарнамалағанымен, шынында олай еместей. Өйткені бұл өнімі нағыз қаруды деактивациялау арқылы өндірілетін көрінеді. Автоматты атыс жүргізу режимі де қарастырылған. Оқсыз қарулар елге еркін әкелініп, қару күйіне қайта келтірілуі ықтимал. Сондықтан ІІМ-нің онымен күресін қолдаймын", – дейді қару дүкенінің бұрынғы менеджері Вадим Кравец.
Қалай болғанда, ішкі істер ведомствосы "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген қару түрлерінің айналымын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Ол ұңғысыз атыс қаруын, газды және травматикалық газды қаруды, сондай-ақ пневматикалық, электрлік, лақтырылатын, оқсыз атылатын және белгі беретін қару түрлерін елге заңсыз тасығаны үшін жауапкершілік енгізеді. Қолданыстағы заңда ол қарастырылмаған.
"Осы қарулардың, сонымен қатар оқсыз қарулардың мемлекеттік шекара арқылы әрлі-берлі тасымалдануына шектеу қойылмаған. Мұның Қазақстанның қоғамдық және ұлттық қауіпсіздігіне ықтимал қаупі бар. Сол себепті заңсыз, контрабанда жолымен әкелгені үшін қылмыстық жаза көзделетін қарулар тізбесіне осы қару түрлерін және оның құрама бөлшектерін қосу қарастырылады", – деп хабарлады ІІМ.
Осыған орай заң жобасына сәйкес, "атыс қаруы, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз газды қару, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық, оқсыз атылатын қару, оның қосалқы бөлшектері, электрлік, суық және лақтырылатын қаруды Қазақстанның Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, 5 мың АЕК-ке дейiнгi (13 млн 890 мың теңге) мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".
Бұдан бөлек, жаңа құжат қаруды және конструкциясы бойынша соған ұқсас бұйымдарды курьерлік компаниялар көмегімен сәлемдеме түрінде жолдауға тыйым салады. Қаруын қайта-қайта жоғалтып ала беретін адамдардың рұқсатнамасының күшін жояды. Әйтпесе, ол адам жасырын қару саудасымен айналысып жүруі кәдік.
Құжатқа сай, 16 жасқа дейінгі балалар елдi мекендерде хлопушка атса, фейерверк не басқа да пиротехникалық бұйымдарды қолданса, сөйтіп жеке тұлғалардың тыныштығы мен белгiленген тәртiптi бұзса, оның ата-анасына 20 АЕК (55 мың 560 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Жанат Ардақ
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз!