Қазақстан қоржынына алғашқы алтын түсті

1836

Қоржынымызға алғашқы алтын түскенін айтып, ауыз жиғанша қыз-жігіттеріміз құрамаға тағы бір алтын сыйлады!

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын түсті

31 қаңтар командамыз үшін алтын жауған күн есебінде тарихта қалатын болды. Өйткені біздің биатлоншы қызымыз Алина Райкова 15 шақырымдық жекелей сында алдына жан салмай, 59 минут 48.7 секундта меже сызығын бірінші кесіп өтіп, Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Естеріңізге саламыз, Бурабайдай әсем жерде туған Алина Райкова, 2015 жылғы Испанияның Гранада қаласында өткен 27-інші Универсиаданың да жеңімпазы атанған болатын.

Талғардағы "Солдат" шатқалындағы "Алатау" шаңғы және биатлон кешенінде нағыз мереке болды. Мұнда бұрын-соңды мұнша жанкүйер жиналмаған шығар. Сол күні түскен тұманға қарамастан биатлон және шаңғы бәсекелері тартысты өтті.

Райковаға бұл алтынды жеңіп алу оңай болған жоқ. Ресей, Украина, Франция, Италия, Чехия, АҚШ секілді мемлекеттерден келген мықтылармен қатар өзіміздің қыздарды жеңу керек болды. Командамызда әлем кубогында үздік нәтиже көрсетіп жүрген Галина Вишневская да сынға түсетінін ұмытпайық.

"Алина Райковаға жеңімпаз атануға тұман көмектесті. Команда жетекшілері тұман болатынын алдын ала білсе керек, Райкованы алдыңғылардың қатарына қосып, жарыс жолына тұман баспай тұрып шығарып отыр. Әйтпегенде украиналық, ресейлік қыздар оны басып озып келе жатқан болатын, алайда Райкова тұман жоқ кезде ату алаңынан бірінші болып өтіп, нысанада көп қате жіберген жоқ. Ал кейін шыққан биатлоншыларға тұман кедергі болды. Ату кезінде нысана мүлде көрінбеді, сол себепті 5-6 оғы қиыс кетіп, айып алаңын бірнеше рет айналып өтуге тура келді", – дейді шетелдік кей комментатор.

Расында оларды түсінуге болады, қарап отырсаңыз әділетсіз көрінеді. Бірақ жарыс ережесі бойынша басталған бәсекені тоқтатуға болмайды. Өйткені "бап шаба ма, бақ шаба ма" дегендей, жарысқа шыққан спортшылардың бәрі бірдей жағдайда өнер көрсетіп жатыр деп есептеледі. Сондықтан бұл жағдайда ұйымдастырушыларға қарсы шыға алмайсың. Осылайша Алина Райкованың бағы жанды. Оның 15 шақырымдық көрсекіші – 59 минут 48.7 секунд. Екінші орынды да қазақ қыздары жеңіп алды. Біздің лидер Галина Вишневская 2 минут 21 секундқа кешігіп, күміс жүлдегер атанды. Ал қола жүлде украиналық Надя Белкинаға бұйырды. Өкінішке қарай, ол тұманның кесірінен ату кезінде 5 рет мүлт кетіп, көп уақыт жоғалтып алды. Оның көрсеткіші Вишневскаямен бірдей десе де болады – 2 минут 23 секунд.

Сынға түскен тағы екі қызымыз Дарья Усанова мен Елизавета Бельченколар да жоғары нәтиже көрсетіп, 4-5 орындарды иеленді. Сөйтіп Қазақстан қоржынына бір алтын, бір күміс түсті.

Алатау спорт кешенінде ерлер және әйелдер арасында шаңғы жарысы өткен еді. Қыздардан Қазақстан қоржынына алғашқы қола медальді салған Анна Шевченко бұл жолы да үшінші келіп, қоладан алқа тақты. 5 шақырымдық бәсекеде Шевченко орыс қыздары Анна Нечаевская мен Лилия Васильеваны тағы да қуып жете алмады. Ресейліктер осы жолы орындарымен ауысты, Универсиада чемпионы Лилия Васильева бұл күні күміспен күптелді. Ал Анна Нечаевская Ресейге алтын сыйлады.

Осы күні тау шатқалында өтуі тиіс жарыстар ауа-райының қолайсыздығына байланысты келесі күнге ауыстырылуы мүмкін.

Осы күні конькимен жарысқа шыққан қызымыз Екатерина Айдова да қоржынымызға қола салды. "Медеу" мұз айдынында өткен 1500 метрлік сынға түсіп, 2:06.58 уақыт көрсеткішімен 3-орынға ие болды. Ресейлік Александра Качуркина 2 минут 06.20 секундта мәре сызығынан бірінші болып өтіп, алтыннан алқа тақты. Жапониялық Нана Таканаши екінші болып аяқтады (2:06.35).

Өкінішке қарай шайбалы хоккейден құрамамыз қытай қыздарынан ұтылып қалды. Есеп – 1:4. Осылайша ширек финалға шыға алмай қалатын болып тұр. Ширек финалға өту үшін Канаданы жеңуіміз керек. Ал ол оңай емес, өйткені бізді 4:1 есебімен жеңген қытайдың өзі Канададан 7:1 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Кім біледі?! Мүмкін қыздарымыз сенсация жасап қалар, не болмаса, Ұлыбритания құрамасы қытай қыздарын ұтып кетсе жақсы болар еді. Өйткені Қазақстан ағылшын қыздарының қақпасына жауапсыз 9 гол салған болатын.

Ал Қазақстанның ерлер командасы әзірге жақсы келе жатыр. Қытайды 22-0 есебімен ұтқан біздің жігіттер турнир кестесінде өз тобымызда алда тұр. Енді олар Швециямен күш сынасады. Осы уақытқа дейінгі өткен ойындар былай аяқталды: Швеция – Чехия (0-5), Оңтүстік Корея – Ресей (0-14), АҚШ – Канада (0-6), Жапония – Оңтүстік Корея (5-2).

"А" тобы

"B" тобы

"С" тобы

Ал бүгін қоржынымызға тағы бір алтын түсіп, Қазақстан медаль саны жөнінен жалпы есепте екінші орынға көтерілдік. Бұл алтынды жеңіп алған фристайлшыларымыз – Бағлан Іңкәрбек пен Жанбота Алдабергенова. Екеуі командалық есепте керемет өнер көрсетіп, алтын медальді жеңіп алды. Құттықтаймыз!

Осылайша жалпы көрсеткіш өзгерді.

Жарыс жалғасады. Медаль кестесі уақыт өткен сайын өзгеріп тұрады.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу