Қазақстан кубогы өтпеуі мүмкін

2347

Сонымен бірге, Бірінші және Екінші лигалардың да тағдыры белгісіз. 

Қазақстан кубогы өтпеуі мүмкін

Коронавирус миллиондаған адамдардың өміріне әсер етті. Кейбірінің тағдырымен де ойнағаны рас. Ал күллі Еуропа футболы миллиондаған қаржыдан қағылды. Десе де, Германия біріншілігі қайта жалғасын тапты. Енді біртіндеп өзге де елдердің чемпионаттары жарысты жалғастырады. Ал еліміздегі футболдың хал-ахуалы қалай болары белгісіз. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы премьер-лиганың басталуы 15-маусым немесе 1 шілде күндеріне жоспарланды деп мәлімдеді. Алайда, шілде айы болмай Қазақстанда футбол ойындары өтпейді дейді еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова. Себебі, індетке шалдыққандар саны қазір 8 мыңға жетті.

Премьер-лиганың жалғасатын уақыты өзгере берер, бірақ ең бастысы жарыс түбі өтеді. Ал Қазақстан кубогы сайысы сол күйі өтпей қалуы да ғажап емес. Себебі, чемпионаттың соңы созылып, қарашаға дейін жалғасуы ықтимал. Ол кезде еліміздің солтүстік облыстарында қар жауып, күн суытады. Ондай жағдайда футбол ойнау қиынға түседі. Құстың ұясындай манеж тек Қостанайда ғана. Қазақстан кубогымен қатар бірінші және екінші лиганың да өту өтпеуі қыл үстінде тұр.

Лига басшылары әзірге үнсіз. Шамасы олар да қандай қадамға барарын білмей отырған секілді. Бұл ұйымның әдепкі ісі осындай ғой бұрыннан. Сонымен қатар, футбол лигасы ФИФАға хат жазып трансфер уақытын ұзартып беруін өтінді. Айтпақшы, ғалымдардың айтуынша күзде Қазақстанда вирустың екінші толқыны пайда болады екен. Ол кезде де футбол қайта тоқтауы мүмкін. Демек, жағымды жаңалықты күтуден басқа амалымыз жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан премьер-лигасы наурыз айында басталып, 2 тур өткеннен соң карантинге жабылды. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу