"Ордабасы" бір апта бұрынғы жеңілістің есесін қайтарып, футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалында "Астанадан" айласын асырды. Тартысты өткен кездесудің жеңімпазын анықтау үшін ойыншылар қосымша тайм ойнауға мәжбүр болды. Қонақтар бұл матчта негізгі құрамдағы бірқатар көшбасшыларды алаңға шығармауды жөн санады. Тіпті Марин Томасов өтінімде мүлдем болмады. Бірінші таймда гол соғылмады. Командалардың есеп ашуға мүмкіндіктері болғанымен, астаналық қақпашы Александр Заруцкий өзін тамаша көрсетті. Ал Эльхан Астанов гол соғатын екі тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
Үзілістен кейін астаналықтар шабуыл ұймыдастырды. Бірақ шымкенттіктер басымдылықты тез қолға алып, Шохбоз Умаров қарсыластың айып алаңына барып, бұрыштан төмен бағыттаған соққыға Заруцкий дәрменсіз болды. Осыдан кейін Григорий Бабаян Ян Вороговский мен Абат Айымбетовты алаңға шығарды. Елордалықтар қарымта шабуыл ұйымдастырғанымен, Астанов үшінші мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ойын экстра-таймға ұласты.
Ойын барысында қатты жаңбыр жауа бастады. "Ордабасы" жылдам шабуылдап, бұрыштамадан кейін гол соқты. Темірлан Ерлановтың баспен соққан голын төреші VAR-дан көргеннен кейін бұл голды есепке алды. Заруцкий допты қайтарар алдында доп қақпа сызығын кесіп өтті ме, жоқ па, бұл бейнежазба қайталауында анық көрінбеді. Кездесудің 113-минутында Абзал Бейсебеков алаңнан қуылған соң қонақтар он ойыншымен қалып, таблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Нәтижесінде кездесу 2:0 есебімен шымкенттік клубтың пайдасына аяқталды.
"Ордабасы" - "Астана" 1:0 (0:0), қосымша уақыт 2:0
Голдар: Умаров 63 (1:0), Ерланов 105+2 (2:0)
Осылайша "Ордабасы" финалға шықты. Екі матчқа созылған текетірес 2:1 есебімен "Ордабасының" пайдасына аяқталды. Енді команда екінші финалисттің анықталуын күтеді. 8 шілдеде "Атырау" мен "Тобыл" қарымта кездесу өткізеді. Алғашқы ойында қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді шымкенттік клуб 4 қараша күні өтетін финалда "Атырау-Тобыл" жұбының жеңімпазымен кездеседі.