"Қайрат" пен "Шахтер" маусымның соңғы трофейін сарапқа салады. Қарсыластар футболдан Қазақстан кубогінің финалында кездеседі. Матчтың қайда және қай уақытта өтетіні туралы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақстан кубогінің финалы 28 қараша күні сағат 20:30-да "Астана Арена" стадионында өтеді. Финалдық кездесуде "Қайрат" (Алматы) және "Шахтер" (Қарағанды) командалары кубокты сарапқа салады. Кубоктың финалдық ойынына кіру тегін. Жанкүйерлерді стадионға жіберу Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің шешімімен ASHYQ қосымшасы арқылы "жасыл" мәртебе болған жағдайда ғана рұқсат етілген. Стадионда жанкүйерлердің орналасуы әлеуметтік қашықтыққа сай болуы тиіс. Сонымен қатар ойынға келген қала тұрғындары мен қонақтарында медициналық бетперде болуы міндет", – деп жазды ҚКФЛ баспасөз қызметі.
Бұған дейін қос команда Қазақстан кубогі аясында 13 рет кездескен екен. Ең алғашқы ойын 1992 жылы мамырда өтті. Ол ойында алматылықтар қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, 1/16 финалдық кезеңде қарағандылық команданы турнирден шығарды. Сол жылы "Қайрат" чемпиондық атақты жеңіп, Кубок иегері атанды. 1996 жылы алматылық команда "Шахтерды" ¼ финалда ойыннан шығарып тастады. 1999 жылы осы жағдай тағы да қайталанды.
Тек 2000 жылы керісінше, қарағандылық команда "Қайратты" жеңді. Сондай-ақ командалар 2004, 2008, 2013, 2014, 2016 жылдары кездескен. Осылайша 13 кездесудің жетеуінде алматылық ұжым жеңіске жетсе, 3 кездесу "Шахтердың" пайдасына, 3 кездесу тең нәтижемен аяқталған.
Айта кетейік, биыл жартылай финалда "Қайрат" екі ойында да 3:0 есебімен елордалық "Астананы" жеңсе, "Шахтер" "Тобылдан" 5:2, 2:0 есебімен басым түсті. Ал "Астана" 2010 жылдан бері алғаш рет маусымның соңында жүлдесіз қалды. 2010 жылғы маусымнан бері елордалық клуб 14 кубок иеленді. "Астана" Қазақстан чемпионатын алты рет қатарынан жеңіп алып, ҚПЛ-дың ең үздік клубы атанды. Бұл ел футболындағы рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ осы уақыт ішінде "Астана" Қазақстан кубогын 3 рет, суперкубокты 2011, 2015, 2018, 2019, 2020 жылдары жеңіп алған еді. Биыл кубоксыз қалған елордалық команда дүркіреп барып сөнгендей болды.
Ермұхамед Мәулен