Қазақстан кубогының финалында кімнің бағы жанады?

685

12 қараша күні сағат 15:00-де Қазақстан кубогының финалы өтеді.  

Қазақстан кубогының финалында кімнің бағы жанады?

"Астана Аренада" өтетін бұл матчқа екі команда жолдама алды. Оралдың "Ақжайық" командасы мен Шымкент қаласының "Ордабасы" клубтары өзара мықтыны анықтап көрмек. Ішкі біріншілік қорытындысы бойынша "Ақжайық" командасы премьер-лигадан шығып қалды. 14 команда қатысқан чемпионатта ең соңғы 14-орынды алды. Ал Қазақстан кубогының финалына осындай команда қалай шығып кеткен деген заңды сауал туындауы мүмкін. Жауап бере кетейік.

Топтық кезеңде "Ақжайық" Бірінші лиганың серкесі "Қайсармен" бірге бәсекелес болды. "В" тобында олардан өзге "Каспий" мен "Қызылдар" командалары да болды. 3 ойын жеңіп, 1 матчты тең ойнаған "Ақжайық" 10 ұпай жинап екінші болды. Негізі қосымша көрсеткіштер арқылы "Каспийден" озып кеткенін де айта отырайық. Әйтпесе, ақтаулық команда "Ақжайық" секілді 10 ұпай жинаған. Плэй-офф сатысында оралдық команда "Қайраттан" басым түсті. Бір ойыннан тұратын кездесулер одан әрі де жалғасын тапты. Өз алаңында "Таразбен" кездесті. Бұл ендігі Қазақстан кубогының жартылай финалы болатын. Сенімді түрде жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

"Ордабасы" топтық кезеңді сенімді түрде жеңді деуге келмейді. "Қайраттан" кейінгі екінші орынды иемденіп, әупірімдеп шықты. "Атырау" мен "Ақсуды" жеңе беріп 9 ұпай жинады. Соның арқасында плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Онда шымкенттік команда "Қайсармен" кездесіп, тең түсті. Қызылордада өткен ойын 1:1 аяқталып, ойыннан кейінгі пеналтилер топтамасында "Ордабасы" басым түсті. Сәттіліктің арқасында жартылай финалға шыққан "Орда" "Астанамен" кездесті. Елордалық команда неге екені белгісіз екінші құрамын шығарды. 98 минутта Серж Ньюадзи гол салып, шымкенттік команда финалға шықты.

Енді осы соңғы ойында тағы да бар күшті салуға тура келеді. Екі команда да аянып қалмасы анық. "Ақжайық" жеңсе келесі жылы Конференция лигасына қатысып, Қазақ футболында болмаған оқиғ,а жасауы ықтимал. Себебі, Бірінші лиганың командасы еурокубокке қатысқан оқиға әлі болған емес. Ал "Ордабасы" еурокубокке жиі қатысып жүрген команданың бірі. Не болса да барлығын жасыл алаң көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться