Қазақстан құрамасы 44 медаль жеңіп алды

1675

Иордания астанасы Амманда өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша жарысты бірінші орынмен аяқтады.

Қазақстан құрамасы 44 медаль жеңіп алды

Жастар мен жасөспірімдер арасында өткен турнирде қазақстандық боксшылар барлығы 44 медаль жеңіп алды. Оның 13-і алтын, 14-і күміс және 17-сі қола медаль. Бұл Үндістан мен Өзбекстаннан бір жүлдеге артық. Олардың әрқайсысы 43 медаль иеленді. Алайда Қазақстан құрамасы жалпы медальдық есепте жарысты үшінші болып аяқтады. Бірінші орынды 20 алтын, 16 күміс және 7 қола жүлдемен Өзбекстан иеленді. Үндістан екінші орынға (15-10-18) жайғасты.

Жарыстың соңғы күні боксшы қыздарымыз бес алтын жүлдені жеңіп алды. Томирис Мырзақұл (52-ге дейін), Виктория Байдукова (54-ке дейін), Ұлжан Сәрсенбек (57-ге дейін), Бақыт Сейдіш (66-ға дейін) және Камила Бажбеновалар (81-ге дейін) турнирдің чемпиондары атанды.

Медаль үшін күресте Бажбенова мен өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваның жекпе-жегі шешуші болды. Ереже бұзғаны үшін  ұпай шегерілгеніне қарамастан қазақстандық боксшы жеңісті қолдан бермеді. Үш раундтан кейін төрешілер екі  боксшы тең түсті деген қорытынды шығарды. Бірақ, қосымша талқылаудан кейін төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді (3:2).

Сонымен қатар Темірлан Мұқатаев Амманда өткен Азия чемпионатында алғашқы медаліне қол жеткізді. Ол шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Жамолиддин Козоковты екі рет нокдаунға жіберді. Содан кейін қарсыласының бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Жарыстың соңғы күні ерлер арасында қазақстандық боксшылар тағы төрт алтын жүлдені сарапқа салды. Олардың арасынан тек Егор Егоров (71 келіге дейін) турнирдің чемпионы атанды. Алмат Әбдуәлі (51 келіге дейін), Ислам Советов (67 келіге дейін) және Дәулет Төлемісов (75 келіге дейін) күміс жүлде иеленді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу