Қазақстан құрамасы АҚШ-қа есе жіберді

1200

Шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасы онлайн-олимпиаданың ширек финалында АҚШ құрамасынан ұтылды.

Қазақстан құрамасы АҚШ-қа есе жіберді

Қазақстандық команда бірінші кездесуде 4: 2 есебімен қарсыластарынан басым түсіп, Ринат Жұмабаев, Жансая Әбдімәлік, Рамазан Жалмаханов және Бибісара Асаубаевалар жеңіске жетті. Екінші ойында еліміздің құрамасы АҚШ-қа 2,5-3,5 есебімен ұтылды. Рамазан Жалмаханов пен Бибісара Асаубаева жеңіске жетті. Бұл Асаубаева үшін турнирдегі тоғыз кездесудегі тоғызыншы жеңісі болды. Ал үшінші айналымда Қазақстан құрамасының жолы болмай, 2:4 есебімен есе жіберді. Күтпеген жерден Бибісара Асаубаева турнирде алғаш рет жеңіліс тапты. 

АҚШ құрамасы финалға шығу үшін ширек финалда Украинаны үш матчта да жеңген Үндістан құрамасымен ойнайды. Екінші жартылай финалда Ресей мен Қытай құрамалары кездесетін болады. Ресей құрамасы ширек финалда Венгрияны екі кездесуде, Қытай да Польшаны екі матчта жеңді. Жартылай финалдық ойындар бүгін, 14 қыркүйекте өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы жоғары дивизионның А тобында Қытайды жеңіп, бірінші орын иеленген болатын. Ал Жансая Әбдімәлік бұл кездесуде әлемнің төрт дүркін чемпионы, әйелдер арасында қазіргі әлемнің бірінші шахматшысы Хоу Йифанды жеңіп, сенсация жасады.

Еліміздің құрамасы жарысты аяқтаған соң Қазақстан шахмат федерациясы құрамамыздың әлемдік рейтингте үздік сегіз команда қатарына енгенін мәлімдеді.

"Жалпы, шахматтан ұлттық құрама тамаша нәтиже, жоғары сапалы ойын және қазақстандық шахматшылардың жоғары әлеуетін көрсетті. Еліміздің құрамасы жарыстың фавориттері - Армения, Қытай және Румыния құрамаларын жеңіп, әлемнің ең мықты 8 командасының қатарына енді", - деп жазды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу