Қазақстан құрамасы Албанияға есе жіберді

1595

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы топтық кезеңнің 5-тур матчында Албанияға есе жіберді. Тирана қаласындағы "Эир Албания" стадионында өткен матч 3:1 есебімен, алаң қожайындарының пайдасына аяқталды.

Қазақстан құрамасы Албанияға есе жіберді

Ойынның 10-секундында Олжас Керімжанов сары қағаз алып, Ұлттар лигасы мен Ұлттық құраманың рекордын орнатты. Тіпті бұрынғы "Челси" ойыншысы Винни Джонсқа тиесілі әлемдік рекордты бұзуға шақ қалды. Ол ойынның 5-секундында сары қағаз алған болатын.

Кездесудегі алғашқы голды 16-минутта Чикаллеши соқты. Араға жеті минут салып қақпашы мен қорғаушылардың қателігін пайдаланған Исмаили екінші голды өз еншісіне жазды. Көп ұзамай Қазақстан құрамасы бұл голға жауап қатты. Айбол Әбікеннің алаң ортасынан бағыттаған соққысы Албания қақпасының торында тулады. Дегенмен, 61-минутта Манаи пенальтиді сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлады.

Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек ойынға қатысты пікірімен бөлісті.

"Біз 1:3 есебімен жеңіліп, үш голды да стандарттан жіберіп алдық. Екінші таймда Сүйімбаев пен Вороговскийдің мүмкіндігі болды. Егер біз гол соққан болсақ, 2:3 есебінде мүмкіндігіміз болар еді. Албания сапалы футбол көрсетті. Олар жақсы ойнады. Комбинация жасап, жылдам ойнады. Олардың жақсы шабуылшылары бар. Допқа иелік ету жағынан мықты екендерін көрсетті. Бұл өте қиын матч болды. Өкінішке қарай, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмадық. Енді үш күн бойы бабымызға келуге тырысамыз. Содан кейін Литвамен ойнаймыз. Бұл біз үшін өте маңызды матч болады. Біз жеңуіміз керек", - деді Михал Билек.

Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Айбол Әбікен ойын туралы пікір білдірді.

"Біріншіден, бүгінгі ойын үшін қазақ елінен, жанкүйерлерден өз атымнан және де бүкіл команданың атынан кешірім сұрағым келеді. Өкінішке орай бүгін жеңіске жете алмадық. Гол? Голға келетін болсақ, ортадан бастағалы жатқанда қақпашының қақпадан алыс кетіп қалғанын көрдім. Бағымды сынадым. Нәтижесінде гол соқтым. Литва құрамасын жеңуіміз қажет. Артқа шегінер жол жоқ. Барымызды саламыз және жеңуге тырысамыз", - деді Айбол Әбікен.

Бұл жеңістен кейін Албания өз тобында 8 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Қазақстан 4 ұпаймен соңғы орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу