Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеудегі алғашқы ойында ірі жеңіске жетті

638

20-25 мамырда Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогінің Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтуде. 

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеудегі алғашқы ойында ірі жеңіске жетті Фото: ktf.kz

Шымкенттегі Belline Arena ұлттық теннис орталығында Asia/Oceania Final Juniors Davis Cup іріктеу турнирінің бірінші ойын күнінің нәтижесі белгілі болды. Капитан Сергей Квак бастаған жігіттеріміз алғашқы ойында Өзбекстан құрамасына еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп 3:0, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Даниил Квасовты 6:0, 6:3 есебімен ұтты. Заңғар Нұрланұлы Сухроб Саидовты 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, командасына екінші ұпай әкелсе, жұптық кездесуде Даниэль Тазабеков/Заңғар Нұрланұлы өзбекстандықтар Саидов/Квасовтан 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.

Алғашқы күнгі ойыннан кейін А тобында Қазақстан бірінші, Қытай екінші орында. Екі команданың да үш ұпайы бар. Бүгін, 21 мамырда Қазақстан құрамасы Қытай құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалған Малайзиямен ойнайды.

Командалық әлем чемпионатына жолдаманы Қазақстан, Аустралия, қытайлық Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан, Вьетнам, Иордания құрамалары сарапқа салуда. Өткен жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеуден сәтті өтіп, алғаш рет командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыққан еді.

Іріктеу сайыстарына қатысатын 16 команда төрт топқа бөлінген. Әр топтан екі құрама плей-офф кезеңіне өтеді. Жартылай финалға өткендер әлем чемпионатына жолдама алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу