Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатында 7 медаль иеленді

1592

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы әскери қызметкерлер арасында өткен Әлем чемпионатында 7 медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатында 7 медаль иеленді

Мәскеудегі рингте әскери қызметкерлер арасында еліміздің былғары қолғап шеберлері 3 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже жалпы командалық есепте екінші орын иеленуге мүмкіндік берді. Бірінші орында жарыс қожайындары болды. Медальдік есепте Ресей құрамасы 4алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдені қанжығаларына байлады.

Айта кетейік, егер Дамир Әбдіқадірмен болған жекпе-жектің нәтижесі қайта қаралмаса, біздің команданың жүлделері бір алтын медальға көбірек болар еді. 52 келіге дейінгі салмақта Әбдіқадыр жергілікті боксшыға қарсы кездесуде жеңіске жетті. Соңғы нәтиже 3:2 есебімен Дамирдің пайдасына аяқталған болатын. Бірақ, кейін төрешілер шешімін өзгертті. Осылайша біздің спортшы күміс медальді қанағат тұтты.

Жеңіл салмақта тәжірибелі боксшылардың бірі Теміртас Жүсіпов Әлем чемпионы атанды. Финалда ол бразилиялық Линдерсо Консейсао Сикуейро дос Самен жұдырықтасты. Төрешілер жеңісті бірауыздан Теміртасқа  берді.

Әлем чемпионатындағы ең тартысты кездесулердің бірі 75 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жек болды. Қазақстандық Тимур Нұрсейітов ресейлік Алексей Симыкинмен болған кездесуде ел қоржынын екінші "алтынмен" толықтырды.

Ауыр салмақта Абзал Құттыбеков еліміздің құрамасынан үшінші алтын жүлдегер атанды. Ресейдің тағы бір өкілі Иван Сагайдакпен болған жекпе-жекте Абзал қарсыласын тізе бүктірді.

"Жігіттерімізге алғыс айтқым  келеді. Олар барын салды. Нағыз бокс көрсетті. Әрине, 52 келідегі жекпе-жектің нәтижесі қайта өзгергені көңілге кірбің түсірді. Алдымен боксшымыздың қолын көтеріп, жеңімпаз деп жариялады. Содан кейін жеңілген тарап бұл шешімге наразылық білдірді. Бұл Әлем чемпионатының финалында жеңімпаздардың есімдері алғаш рет өзгертілген жағдай шығар... Қалай болғанда да команданың барлық мүшелері өте жақсы. Қазақстанды осындай әлемдік турнирде танытқанымызға қуаныштымын және мақтан тұтамын!", - деді бокстан Әлем чемпионы, Олимпиаданың үш дүркін қатысушысы, қазір ЦСКА командасының бапкері Біржан Жақыпов Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ Рүстем Шауменов (56 келіге дейін), Айтжан Әшірхан (64 келіге дейін) қола жүлдегер атанды. Ал әйелдер құрамасынан 69 келі салмақта Жасмин Кизатова да қола медальға ие болды. Осылайша Қазақстан құрамасы командалық есепте жарысты екінші болып аяқтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу