Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында бақ сынайды

1545

Азия чемпионатының фавориттері биыл жарысқа қатысқан жоқ.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында бақ сынайды

Алматыда гандболдан әйелдер арасында Азия чемпионаты аяқталды. Турнир бір аптаға созылды. Осы уақыт аралығында бес елден 80-ге жуық спортшы сынға түсті. Еліміздің құрама командасы жүлделі екінші орынға ие болып, әлем чемпионатына жолдама алды.

Жарыстың соңғы күні Қазақстан әйелдер құрамасы Өзбекстаннан келген спортшылармен кездесті. Матчтың бірінші жартысында біздің қыздар бірнеше сәтті шабуылдардың арқасында жақсы нәтиже көрсетті. Екінші және соңғы таймда ойын тең болды. Қорытынды есеп 31:29. Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына баратын болды.

"Алдағы мақсат – Грузияда өтетін әлем чемпионатында қазақ гандболының бар күші мен қуатын көрсету. Жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз", – дейді спортшы Айсина Жұмабек.

Тунирде біздің спортшылар Иран командасына есе жібергенімен, Сирияны 32:14, Үндістан құрамасын 28:21, Өзбекстан құрамасын 31:29 есебімен жеңді. Енді олар биыл тамыз айында Грузияда өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастайды.

"Гандбол Азия чемпионаттары мен әлем чемпионаттарының тізімінде бар. Сондықтан бұл спорт түрін жаппай дамыту қажет. Өте жақсы ойын болды", – дейді Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Айта кетейік, Азия чемпионатының фавориттері саналатын Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары биылғы жылы коронавирустың өршуіне және эпидемиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты жарысқа қатысудан бас тартты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу