Екі құрама тартысты ойын өткізді. Нәтижесінде кездесудің 12-минутында қазақстандық футзалшылар есеп ашты. Альберт Ақбалықовтың жасаған соққысы бразилиялық қақпашы Гиттаға тиіп, қақпа торынан табылды. Осылайша бірінші кезеңнен кейін Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.
Екінші кезеңде тартысты жекпе-жек одан әрі өрбіді. Ойынның 25-минутында Тайнан ойламаған жерден өзінің қақпасына гол соғып алды. Алты минуттан кейін ойыншы қарсыластар қақпасына гол соғып, қайтадан еліміздің құрамасы алға шықты. Бірақ одан кейін бразилиялықтар Родриго (32), Феррао (34), Ле (35) соққан голдардың арқасында жеңіске жетті.
Қазақстан қарсыласынан 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде Бразилия Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал құрамамыз төртінші орынға тұрақтады. Футзалда Бразилия тәжірибелі құраманың бірі саналады. Аталған команда Әлем чемпионатында бес дүркін чемпион атағын жеңіп алған.
Еске салсақ, топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болса, Венесуэламен 1:1 есебімен тең ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Таиландты 7:0 есебімен жеңіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Ал жартылай финалда Португалиямен овертаймда 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында қарсыласына жол берді.
Ермұхамед Мәулен