Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында Данияны жеңді

1901

Турнир Данияда өтуде. Жоғары дивизионға жолдама алу үшін Латвия мен Беларусь құрамалары да таласуда.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында Данияны жеңді

Хоккейден еліміздің құрамасы (U-20) жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы үшінші кездесуде Данияны 4:1 есебімен жеңді. Кездесудің бірінші кезеңінде гол соғылмады. Екінші кезеңде бір жарым минутта Константин Морожников дубль жасап, Қазақстанды алға шығарды. Бірақ даниялықтар бірден есепті қысқартты. Үшінші кезеңнің басында Руслан Оспанов Дания қақпасына үшінші голды соқты. Ал финалдық ысқырыққа 1,5 минут қалғанда Қазақстан құрамасы сапынан Николай Шульга қарсыластар қақпасын дәл көздеп, кездесудің нүктесін қойды. Бірінші дивизионда А тобында өнер көрсететін қазақстандық хоккейшілер үшін бұл турнирдегі екінші жеңіс болды. Алғашқы матчта жастарымыз Венгрияны жеңді. Алайда екінші кездесуде Норвегияға есе жіберген болатын.

Матч аяқталған соң құрамамыздың бас бапкері Александр Истомин ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұл жеңіс біз үшін өте маңызды. Барлықтарыңызды жеңіспен құттықтаймын! Норвегиядан жеңілгеннен кейін өте байыпты дайындалдық. Шегінерге жол жоқ. Ойын жақсы, белсенді басталды. Екі гол соқтық. Жігіттер тамаша ойнады. Есеп 2:0 болғанда ойыншымыз бес минутқа айдыннан қуылды. Бұл жағдайды төрешілер қайта қарайтын болады және шешімін ертең айтады. Жігіттер бір гол жіберіп алғанымен, жалпы жеңілістен аман қалды. Ойынды жеңіске дейін жеткіздік. Енді тынығып, келесі кездесуге дайындалуымыз керек", – деді Истомин.

Сонымен қатар бұл ойында нәтижелі пас беріп, гол соққан Николай Шульга матчты қорытындылай кетті.

"Өте жақсы ойын болды. Бапкердің айтқанын орындадық. Белсенді ойнауға тырыстық. Жоспарды 80 пайыз орындадық. Жеңісті ең алдымен өз отбасыма, бүкіл Қазақстанға, командаға, біз үшін жанкүйерлік еткен жандардың барлығына арнаймын. Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын, Қазақстан!" – деді Шульга.

Бүгін жастарымыз (U-20) Беларусь құрамасымен ойнайды. Бұл кездесуде элиталық дивизионға шығатын команда анықталады. Беларусь - Қазақстан кездесуі Нұр-Сұлтан уақытымен 21:30-да басталады. Үш турдан кейін бірінші дивизионның А тобындағы командалардың қазіргі жағдайы мынадай: Беларусь – 9 ұпай, Норвегия – 6, Латвия – 6, Қазақстан – 6, Дания – 0, Венгрия – 0. Осылайша, тек жеңіске жеткен команда ғана келесі кезеңге өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу