Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Рига (Латвия) және Тампере (Финляндия) қалаларында өтіп жатқан 2023 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Словакияны (4:3) сенсациялық түрде ұтты. Кездесудің негізгі уақыты 3:3 есебімен тең аяқталды. Кездесу овертаймға ұласқанымен, жеңімпаз анықталмады. Ал буллитте қазақстандықтар жеңіске жетті.
Матчтағы алғашқы голды 15-минутта Патрик Кох соқты. Бұған қазақстандықтар екінші кезеңде 22, 25 және 26-шы минуттарда Роман Старченко, Валерий Орехов, Евгений Рымаревтің дәл соққыларымен жауап беріп, алға шықты.
Үшінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер 49-минутта Марек Гривик соққан екінші голды жіберіп алды. Ал 57-минутта Павол Реженда есепті 3:3-ке жеткізді. Қуанышымызға орай буллитте қазақстандықтарға сәттілік серік болып, төрт мүмкіндіктің барлығын да сәтті пайдаланды. Ал қақпашы Андрей Шутов Қазақстан құрамасының сапындағы үздік ойыншы деп танылды. Қақпашымыз 51 соққының 48-ін қайтарды. Осы жеңістің арқасында Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері 4 ұпай жинап, В тобында соңғы жетінші орыннан алтыншы орынға көтерілді. 5 ұпаймен Словакия бесінші орында тұр.
Бұл Қазақстан құрамасының екінші жеңісі. Бұған дейін хоккейшілеріміз буллитте (4:3) Норвегиядан басым түскен болатын. Содан кейін Чехия (1:5), Швейцария (0:5) және Канададан (1:5) жеңіліп қалды. Енді құрамамыз бүгін, 20 мамырда Астана уақытымен 23:20-да Латвиямен кездеседі.
Қазақстан – Словакия 4:3 (0:1, 3:0, 0:2, 0:0, 1:0)
0:1 – 14:58 – Кох (Хривик)
1:1 – 21:03 – Старченко (Рымарев, Данияр)
2:1 – 24:50 – Орехов (Михайлис, Старченко)
3:1 – 25:22 – Рымарев (Михайлис, Старченко)
3:2 - 48:33 - Паник (Хривик, Кох)
3:3 - 56:58 - Регенда (Хривик, Иван)
4:3 - 65:00 - Рымарев Б
Қақпашылар: Шутов – Главай